Назарбаев: "Қазақстанда жұмыс істеген адам жаман тұрмайды"

Dalanews 16 окт. 2018 18:05 883

Қазақстанда жұмыс істеген адам жаман тұрмайды. Бұл туралы Ақтөбеге екікүндік жұмыс сапарын қорытындылаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елбасы «Әсем» білім беру-сауықтыру орталығын аралап көргеннен кейін облыста атқарылып жатқан жұмыстарға бағасын берді.

«Ақтөбе облысына сапарым аяқталды. Уақыттың тығыздығына байланысты аудандарға бара алмай, тек қаланы араладым. Көргенім жақсы әсер қалдырды. Облыста Жолдаудағы тапсырмалар орындалуда. «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Алғашқы пәтерлер берілді. Спорттық, мәдени нысандар салынуда. Экономикалық даму бар, 5 пайыздық өсім жақсы көрсеткіш.

Офтальмологиялық орталықта болып, адамдармен кездестім, олардың көңіл-күйін білдім. Атқарушы биліктің жұмысына оң баға беремін.

Ақтөбеге жыл сайын келіп, кездесіп тұрамын. Облыста көп жұмыс атқарылып жатыр.

Адам өмірінің жақсы болуы мемлекеттің экономикасына байланысты.


Газ бар, үй құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта ішкі жол салынады. Дегенмен, кемшіліктер де бар. Жолдауда айтылған тапсырмаға сай ең төменгі жалақы 1,5 есе көбейеді, адамдардың жағдайы түзеледі.

Барлығы түзелуі үшін жұмыс істеуіміз керек. Қазақстанда жұмыс істеген адам жаман тұрмайды»


- деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан кейін Президент «Астана» жаңа саябағын аралап көрді. Мұнда халық демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының шағын макеті, субұрқақ орнатылған.

Еске салсақ,  кеше Мемлекет басшысы Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді. «Аяла» балаларды сауықтыру орталағына барып, «Бақытты бала» жобасы аясында іске асырылған жұмыстармен танысты. Сонымен қатар Теннис орталығына барды.

Өңірдің экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштерімен танысқан Елбасы Ақтөбе облысының дамуына оң бағасын берді.

Ал бүгін Президент Энергия тиімділігі орталығында болды. Онда Ақтөбе қаласының әкімі Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығының даму барысы, сондай-ақ Ақтөбе агломерациясын, «SmartCity Ақтөбе» жүйесін және қаланың қоғамдық кеңістігін құру жөнінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы мәлімдеді.

Рекомендовать
Последние новости