"Шеврон" компаниясы жас ғалымдардың қиялына қанат бітіруде

Dalanews 05 окт. 2018 15:45 934

Жаңа технологиялар мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріс-тұрысын жеңілдетуге септігін тигізе ме? 

Алматыда өткен Интернет-тауарлар (Internet of things) саласындағы форумда шараға қатысқан қауым осы сауалға жауап іздеді. 

"Шеврон" компаниясының қолдауымен Makerspace Almaty шығармашылық орталығы ұйымдастырған шарада мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдету үшін қандай инновациялық шешімдер қабылдануы керектігі сөз болды. 



– Биыл Шевронның Қазақстанға келгеніне 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде қоғамдағы көмекке мұхтаж түрлі топтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге тырыстық.

Шеврон сонымен қатар STEM (science, technology, engineering and mathematics)  бағдарламасын белсенді түрде дамытуда.


Осы жобаның арқасында жаңа технологиялардың қоғамдық өмірге кірігіп, халықтың қажетіне жарауына септестік. Бұл бағытта қоғам өмірін өзгертетін инновациялық жобалары бар жастарға қолдау көрсеттік, – дейді "Шеврон" компаниясының өкілі Жанар Қошпанова. 



Оның айтуынша, Интернет-тауарлар (Internet of things) саласындағы форумды ұйымдастырудағы мақсат –жастар арасында ғылымға деген қызығушылықты ояту және осының нәтижесінде қоғамның қажетіне жарайтын алғашқы прототип әзірлеу. 

Шараның қорытындысында 20 команданың ішінен үздік атанған 3 ұжымның жобалары іріктелініп алынды. 

Бұлардың әрқайсысы "Шеврон" компаниясының тарапынан өз жобаларын жетілдіру үшін 500 доллар көлемінде сыйақы алды.   

Үздік атанған жобаларды атап өте кетсек: 


Ержан Қабдықайыров пен Бернар Сапарәлі есту қабілеті нашар адамдарға арнап Vibelace атты инновациялық алқа жасап шыққан. Құрылғының төрт тараптан ақпарат қабылдайтын қабілеті бар. Осы арқылы адам дыбыстың қай тұстан шыққан дәл ажырата алады.

Өнертапқыштардың айтуынша, инновациялық алқа есту қабілеті төмен адамдардың күнделікті жүріс-тұрысын жеңілдетуге таптырмайтын құрал. 


Ал Дана Ерланова мен Ділназ Қамалова әзірлеген Sequence құрылғысының Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастарға қай кезде, қай уақытта дәрі-дәрмек қабылдау қажеттігін еске салып тұратын ерекшелігі бар. Бұл құрылғының тағы бір құндылығы – адам алысқа сапарға шыққан жақындарын кез-келген уақытта бақылап, олармен хабар алмаса алады. Жобаның пішіні – "аптечкаға" ұқсас әрі мобильді қосымшаның көмегімен басқаруға болады. 



Оқжетпес Уәлиханов пен Есентай Құрманбайдың жобалары көру және есту қабілеті нашар адамдарға арналған.  Қосымша Siri дыбыс көмекшісі арқылы басқарылады. Осы арқылы үй ішілік жұмыстарды атқаруға мүмкіндік туады.

– Бұл құрылғы сонымен қатар көру қабілеті төмен адамдардың таразыдан желінбеуіне көмектеседі. Көп жағдайда мұндай жандарды базардағы саудагерлер сан соқтырып кететіні өтірік. Осы қосымшаны пайдаланып қалтасындағы қаражатын сақтай алады, – дейді Оқжетпес Уәлиханов.

Ал "Шеврон" компаниясы өз кезегінде қоғамның игілігіне жарайтын жобалары бар жас өнертапқыштарды әрі қарай да қолдауды жалғастыра бермек. 


 

Рекомендовать
Последние новости