Наркостоп: Алматы жастары есірткіге қарсы

Жарбол Кентұлы 09 дек. 2024 12:03 784

Алматыда қала ғимараттарына жазылған есірткі жарнамаларын жоюға бағытталған кезекті «Наркостоп» акциясы өтті.  Шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы мен Алматы қаласының Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл  басқармасының қолдауымен өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Акцияға 500-ге жуық волонтерлер, студенттер және комьюнити орталықтардың резиденттері қатысты. Олар Алматы қаласының Полиция департаментінің қызметкерлерімен есірткі жарнамаларының орындарын анықтап, олардың заңсыз жазбаларын өшірді. Рейд барысында 1 күннің ішінде  ғимараттардың сыртқы қабырғасына  жазылған 100-ден аса жарнама анықталып, жойылды.

Аталған іс-шараның мақсаты – жастарға есірткінің зияндылығын түсіндіре отырып, салауатты өмірді таңдауға шақыру.

– Бүгін Алматы қаласының волонтерлері болып жастар үшін маңызды «Наркостоп» акциясына қатысуға келдік. Алматы – біздің ортақ үйіміз, сондықтан шара аясында заңсыз жарнамаларды өшіріп, олардың әр қарай таралмауына кішкене болса да өз үлесімізді қосып жатырмыз, – деді волонтер Аманғазы Нұрасыл.

Айта кетейік, ағымдағы жылы «Наркостоп» жобасына қала бойынша 3 мыңнан астам волонтер қатысты. Жоба аясында 60-тан астам іс-шара өткізіліп, 2 мың трафарет пен граффити өшірілді.

Сонымен қатар, қаладағы комьюнити-орталықтарда нашақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және есірткі айналымына қарсы қоғамдық күреске бағытталған түсіндірме жұмыстары, интеллектуалдық ойындар, дебаттар, викториналар мен квиздер жүйелі түрде өтті.

Жалып Алматы қаласында есірткіге қарсы күрес бірнеше бағытта белсенді түрде жүргізуде. Бұл жұмысқа полиция департаменті, жергілікті әкімдік, еріктілер бір жұдырықтай жұмылып  кірісетіні анық. 2024 жылы қалада құқық қорғау органдары 158 келі есірткі тәркіленіп, 5 есірткі зертханасын жойған. Сонымен қатар, интернет арқылы есірткіні насихаттайтын 337 ресурс бұғатталғанын да айта кетуіміз керек.

Қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы ақпараттық бейнероликтер мен хабарламалар таратылады. Бұл жұмысқа атақты спортшылар мен еріктілер де қатысады. Қалада есірткі бизнесіне соққы ретінде қаржылық барлау жұмыстары күшейтілген. Мұндай тәжірибе есірткі саудасын тиімді тежеу үшін қолданылатынын айта кетуіміз керек. Бұл шаралардың нәтижесінде нашақорлыққа қарсы қоғамдық иммунитетті қалыптастыру және есірткі саудасының алдын алу бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізілуде.


Рекомендовать
Последние новости