Мишустин Қазақстанға Путиннің сәлемін жеткізді

Dalanews 05 июл. 2022 06:11 1082

Ресей премьері Мишустин Екатеринбургте үкіметбасы Әлихан Смайылов бастаған Қазақстан делегациясымен келіссөз жүргізді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Санкция қыспағында қалған Ресей үкіметі одақтас елдермен арадағы алыс-беріс, барыс-келісті үдете түсуге құлықты. Кремль Қазақстандағы ықпалын жоғалта қоймаған орыс аудиториясының өрісі кеңейе түскенін қалайды. Демократияға бет бұра бастаған көршісі "орыс әлемінің" құндылықтарынан теріс айнала ма деп қауіптенеді. Мәскеу үшін орыс тілінің қолданыстан, сұраныстан қалмауы – басты мүдде.

Осыны меңзеген Мишустин Смайыловпен жүздесуде мәдени-қоғами бағыттағы әріптестікке көбірек мән берді.

"Біз мәдени-гуманитарлы саладағы қарым-қатынасымыздың қарқын алғанын қалаймыз. Қазақстанда ресейлік ЖОО-лардың бөлімшесін ашу бойында қызу жұмыс жүріп жатыр. Алдағы уақытта Алматыда Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалы ашылады.

Одақтасымыз орыс тіліне айрықша құрметпен қарайды, осындағы орыстілді аудиторияның өрісі тарылмауына мұқият мән береді, орыс тілінің ресми тіл деген дәрежесі бар.


Қазақстан осында сапарлап келетін біздің азаматтар үшін еркін пікір алмасатын орыстілді орта қалыптастырып, кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Орыс тілі мәдени әріптестік орнатуға дәнекер болып, екі елдің арасын жақындастыра түсуде, – дейді Мишустин.

Былтырлары баспасөз өкілдеріне сұхбат берген Путин де осы сарында сөйлеген еді. Қазақстанға "толық мағынасында орысша сөйлейтін ел" деп баға берген Кремль көсемі:

– Бізде (Ресей мен Қазақстан арасында – ред.) өте терең гуманитарлық байланыс бар. Орыс тілін сақтауға және дамытуға мұқият қарап отырғаны үшін Қазақстан басшылығына ерекше алғыс айтамын. Қазақстанда қанша адам орыс тілін үйреніп жатқанын өздеріңіз де білсіздер. Ол – толық мағынасында орыс тілінде сөйлейтін ел. Орыс тілінде оқытатын мектептердің, (ресейлік) жоғары оқу орындары филиалдарының саны артып келеді, оларға конкурс та көп, – деп мәлімдеген-тұғын.

Мишустиннің айтуынша, Қазақстан мен Ресей Еуразиялық одақтың жұмысын жүрдектетіп, бұрынғыға қарағанда қауырт қимылдауда. Бұған тіпті Батыс санкциялары да кедергі келтіре алмауда. Сарапшылардың пікірінше сауда-саттықпен айналысатын кеңістігі тарылған Ресейдің өз өнімдерін одақтас елдердің нарығына тықпалаудан өзге жолы жоқ. Мұны Мишустин де растап отыр.

Екі ел арасындағы сауда-саттықтың өрістеуіне кедергі келтіретін бюрократияның көзін құрту керек, қамалдарды құлатып, ортақ нарық, ортақ экономика қалыптастырайық. Қызмет түрлері, тауар айналымы, капиталы аударымы, адам күшімен алмасу біз үшін қалыпты құбылысқа айналуы тиіс.

Осылайша Батыс пен АҚШ-қа мойынсұнбайтын, дербес инфрақұрылым қалыптастырамыз. Біздің кәсіпкерлер Батыстың санкциялары мен арандатуынан қорғалатын болады.


Еуразиялық интеграцияның жемісін жеп, қызығын көретін кезеңге келдік. Одақ аясындағы байланыстарды тереңдете түсуге тиіспіз. Біздің құшағымыз ашық Әлихан мырза, сіздерден жауап күтеміз, одақтың тамырына қан жүгіртетін кез-келген ұсынысты талқылауға дайынбыз, – деді Мишустин.

Рекомендовать
Последние новости