Мирзияев Назарбаевқа ұқсап барады. Туыс-туғанын алыс ұстауы керек еді - сарапшы

Dalanews 29 окт. 2021 05:08 665

Карнеги орталығының сарапшысы Пол Стронский Мирзияев тұсындағы Өзбекстанның автократияға ауып бара жатқанын айтты деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның пікірінше, өзбек президентінің саяси реформа туралы ауыз толтырып айтқан уәдесі аяқсыз қалған. Оппозицияның қол-аяғын байлап-матап тастаған. Тұтас жүйе бір адамның қолында шоғырланып жатыр. Биліктегілердің жақын-жұрағаты мансапқа ұмтылып, мемқызметке тұмсық тығуда.

“Азаттықтың” Өзбек қызметіне осы мәселеге егжей-тегжейлі тоқталып, сұхбат берген Стронский Мирзияевтың Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев салған сүрлеуге түсіп кеткеніне сенімді.

“Ол (Мирзиёев, ред.) күні кешегі президент сайлауында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сайлауға бірде-бір тәуелсіз үміткерлерді жуытпады. Саяси алаңда әділ бәсеке жоқ. Бұған келгенде Өзбекстан Қазақстанның саяси жүйесін айнытпай қайталауда. Екі елдің арасындағы ұқсастық мұнымен шектелмейді.

Сөз көп, нәтиже жоқ. Екі елдің көшбасшылары да реформа туралы талмай айтады, олардың басым көпшілігі жүзеге аспай, орта жолда қалды”, – дейді Стронский.

Оның пайымдауынша, Мирзияев Назарбаевтың ізімен жүруде.

2000-жылдардың бастауында Қазақстанның экс-президенті де саяси реформа туралы уәдені үйіп-төккен. Іс жүзінде өз ықпалын күшейтіп, биліктегі лауазымды орындарға туыс-туғандары мен дос-жарандарын жайғастырған.


Мирзияевтың сөз ауанына назар аударсаңыз, өзі жетекшілік ететін саяси жүйені қызғыштай қорғайтынын аңғарасыз. Ол қазіргі құрылымға саяси реформалардың салқыны тиіп кеткенін қаламайды. Мөлшерлеп, там-тұмдап қана жүзеге асырған болады. Бұл Өзбекстан мен Қазақстан секілді елдердің саяси жүйесіне сіңісті болып кеткен авторитарлық басқарудың табы.

Сөй деген Стронский екі елдегі президент сайлауына тәуелсіз кандидаттардың өтпеу себебін былайша түсіндіріпті:

“Өзін-өзі ұсыну институтын қалыптастырар болса, жүйенің іргетасы сыр береді. Оның үстіне Беларусьтегі дүмпу Орта Азиядағы авторитарлы билікке сабақ болды. Тихановская секілді дүлей күшті ауыздықтау оңайға соқпайды. Сондықтан мұндай тәуекелге барғысы жоқ.

Оның үстіне, екі жылға созылған пандемия Орта Азия басшыларының осы күнге дейін әупірімдеп жинаған абырой-беделін ақсатып кетті. Саясат өз алдына, экономикадағы күрмеулі проблемалар осы кезеңде айқын көрінді.

Екінші мәселе, оппозицияның мың құбылуы. Анық идеясы аз, қазіргі жүйеге қарсылықпен шектелу қоғамның қызығушылығын тудырмай отыр. Оппозицияның татымды аргументі болмағандықтан, ел олардың соңынан еруге тартынады”, – дейді сарапшы.

...

Қазақстан мен Өзбекстан жүйеге қарсы күштерді бесігінде тұншықтырған. Стронский бұдан құлағдар екенін айтады. Десе де, өзін оппозиция деп атайтын жаңа буын өкілдерінің арасында елдің болашағына қатысты нақты, айқын ұстаным жоқ.

Оппозиция билікті сынап, мінеуді ғана біледі, өз тарапынан сауатты ұсыныс айтар потенциалы шектеулі. Оппозиция саяси һәм экономикалық тұрғыда сауатты идеяларды ортаға салып, оны жоғарыға жеткізе білсе, қазіргі авторитарлы жүйені демократияға қарай бағыттауға болады.

Осы жайтты тілге тиек еткен Стронский десе де, Қазақстан мен Өзбекстанның жағдайында автократиядан демократияға қарғу қиынға соғарын ескерткен екен.

Оның айтуынша, Қазақстан билігіне оппонент болып жүрген атышулы Мұхтар Әблязов көшбасшылыққа көзсіз ұмтылмай тұрып, алдымен өзінің саяси платформасын қалыптастыруы қажет.


“Халыққа не ұсынамын? Қоғам оны қалай қабылдайды? Елдегі қазіргі жүйенің құндылықтарын қабылдамайтын аудитория мен саяси қозғалыстарды қалай топтастыруға болады?” деген мәселеге бас қатыруы қажет.

“Қазақстанда қалай болғанда да, демократияның нышаны бар. Көпбалалы аналар талай шендіні қағып-сілкіп, тәубесіне түсірді. Олардың қас-қабағынан қаймықпай, жылы кабинетінен суырып алады. Қазақстандағы азаматтық қоғамның болашағы бар. Елдегі өзгеріс атаулы оппозиция емес, осындай жекелеген белсенділерден бастау алуы мүмкін”, – дейді ол.

Стронский Мирзияевты Назарбаевтың соқпағына түсті деп сынаса да Кәрімовтің дәуірінен бері Өзбекстанда бірталай оң өзгеріс болды деп санайды.

Әйтсе де Мирзияев өзіне дейінгі басшының сүрінген тұстарынан сабақ алуы керек. Себебі автократ басшылардың биліктен кетуі ақыр түбі трагедиямен аяқталады.


Олар жиған-тергенінен айырылып, туыс-туғандары тентіреп кетеді.

Сарапшы сөз орайында Кәрімов кеткеннен кейін қудалауға ұшыраған Гүлнәр Кәрімованың тағдырына тоқталыпты. Өзбекстанның экс-президенті көзі тірісінде туысқандарының тәбетін тыя алмаған, мұның соңы неге ұласқанын күллі әлем көріп-біліп отыр.

“Гүлнәр қапаста отыр. Тағы бір қызы шетел асып кетті. Байқасаңыз, Батыста мұндай «үрдіс» жоқ. Меркель пенсияға кетті. Обама да үлкен саясатпен қош айтысты. Қазір дәріс оқып жүр. Кіші Джордж Буш сурет өнеріне көңілі ауған. Оның да жаны тыныш. Тіпті соңына дейін билікке таласып, ақыры Ақ үйді босатып берген Трамп та дәулетін сақтап қалды. Себебі еңбегі адал. Батыс елдерінің басшылары барымта, сырымта секілді түсініктен ада.

Ал Орта Азиядағы ахуал бөлек. Биліктен тайған болсаңыз, осы күнге дейін жиған-терген капиталыңыздан қоса айырыласыз. Сізбен қатар туыс-туғаныңыз да сорлайды”, – дейді Стронский.

...

Оның пікірінше, Өзбекстан мен Қазақстандағы аудитория саяси өзгеріске сусап отыр. Олар жақсы өмір сүргенді қалайды, саяси реформасыз бұған қол жеткізу мүмкін емесін әлдеқашан ұғынған. Алайда саяси элита олардың мұң-мұқтажына бас ауыртпайды, бірінші кезекте өз мүддесі мен қалтасын ойлайды.



Өзбекстан халқының Мирзияевке көңілі толады. Ол келгелі уақытта қалыптасқан жылымықты өзбек халқы бұрын-соңды бастан өткерген жоқ. Кәрімовтің дәуірінде дүрелеуге құрылған жүйенің жанында Мирзияевтың басқару стилі демократияның асқар шыңы секілді боп көрінеді.

Сөй деген Стронский Тоқаевқа да тоқталып, “еститін мемлекет” қағидасы сол күйі орындалмай, аяқсыз қалғанын айтыпты.


“Алғашқыда халық оның сөзіне шүбәсіз сенді. Бүгін, ертең бір өзгеріс болардай үміт күтті. Уақыт келе бұл үміттің оты сөне бастады. “Халық сөзіне құлақ асатын мемлекет” бағдарламасы беті ашылмаған күйі Тоқаевтың тартпасында қалды.

Экс-президент пен қазіргі президенттің арасында араздық жоқ. Алайда оларға бағынышты командалар тістесіп, ұстасып қалатын секілді. Оның үстіне, Қазақстан билігінде өзгерісті мүлде қаламайтын кландар бар. Олар тасада жүрсе де, Тоқаевтың реформасын тежеп отыр.

Тұтастай алғанда, Тоқаевтың президенттігі апай-топай дәуірге сай келіп қалды. Карантин автократиялы жүйелерді есеңгіретіп кетті. Оның үстіне, Тоқаев Назарбаевтың өнімі. Саяси реформа жүргізіп, еркін қимылдайын десе, экс-президенттің қас-қабағына қарайды.

Дежавю. Қазақ қоғамы қазір сондай күйде. Назарбаевтың тұсында да реформа туралы талмай айтылатын, Тоқаев экс-президенттің жүріс-тұрысын айнытпай қайталауда”, – дейді Стронский.

Оның үстіне, Қазақстан билігінің көтере алмас шоқпарды беліне байлап алатын жаман әдеті бар. Реформаға келгенде оның жүзеге асу мүмкіндігін парықтамай жатып, уәдені үйіп-төгеді, кейін тығырыққа тірелгенде ақталудың амалын іздеп аласұрады.

Ал өзбек басшысы соңы кездері Назарбаевқа ұқсап кеткен. Мемлекетті басқаруға келгенде Назарбаевтың қателіктерін қайталауы бек мүмкін.


Соның бір белгісі – билікке туыс-туғанын тарту.

“Мирзияевтың кіші күйеубаласы Отарбек Омаров президенттің қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары. Назарбаевтың экс-күйеубаласы марқұм Рахат Әлиев те билікке осыған ұқсас жолмен араласқан-тын. Күйеубалалардың бір саусағы бүгулі. Ертеңгі күні бармақ тістеп, өкінетін де Мирзияевтың өзі болмақ. Туыс-туғаныңды билікке тарту тағыңды шайқалтуға себепші болатын фактор.

Орта Азия басшылары Барак Обамадан үлгі алса болар еді. Ол саясаттан кеткенмен, қоғамдық өмірден жырақ қалған жоқ. Кітап жазып, табыс табуда. Президенттік байлыққа кенелудің жалғыз жолы емес”, – дейді сарапшы.

Стронскийдың тұжырымдағанындай, Мирзияев билікті біразға дейін уысында ұстайды. Ал Тоқаевтың тағдыры тұманды. Ол нақ президент пе, әлде өтпелі кезеңнің басшысы ма, кесіп айту қиын.



Солай бола тұра, Мирзияев Тоқаевқа қарағанда кекшіл, ол мансапқұмар, атаққұмар.

“Мирзияев билікке келе сала саяси қарсыластарын абақтыға жапты. Билікті едел-жедел өз қолына топтастырды. Тоқаевта мұндай ұмтылыс жоқ. Ол Қазақстандағы саяси жүйеде қалыптасқан тандемнің бір бөлігі. Оның құзіреті мен пәрмені шектеулі секілді көрінеді. Сондықтан да екі елдің арасындағы басқару стилінде біршама өзгеріс бар. Өзбекстанда билік тұтастай Мирзияевтың қолында, ал Қазақстанды Тоқаев пен Назарбаев тең басқарып отыр”, – дейді сарапшы.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


 

Рекомендовать
Последние новости