Министр әскерге барып, мүгедек болған Ербаян Мұхтарға қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 25 дек. 2024 11:46 391

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әскерде жүріп, бас-ми жарақатын алған Ербаян Мұхтарға байланысты пікір білдіріп, оның елге қашан оралатынын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр сарбаздың жай-күйін құқық қорғаушы Инга Иманбай арқылы біліп отырғанын алға тартты.

“Осыдан үш-төрт күн бұрын хабар алмастық. Ербаян емін алып жатыр. Жылдың аяғында Қазақстанға қайтуы қажет болған. Бірақ содан кейін дәрігерлер қосымша ем тағайындапты. Енді елге қайту мәселесін өздері қабылдайтын болады. Негізі 27 желтоқсандай қайтамыз деген. Шетелде емделіп, ауыр хәлде жатқан Қазақстан Республикасының азаматтарының барлығын тасымалдау, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан іске асырылып жатыр. Осыған байланысты Қазақстанға қайту кезінде санитарлық авиация арқылы жеткізу ұйымдастырылатын болады”, — деді министр.

Еске салайық, былтыр желтоқсан айында Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар комаға түсті. 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі сарбаздың денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасаған болатын. 

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұза отырып, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені мәселе болып отыр.

Аталған оқиғадан соң Ербаян Мұхтарға Ыстанбұлға жол тартты. Мұнда оған сәтті ота жасалды. 

Бұл жаңалықты белгілі заңгер Инга Иманбай Facebook парақшасында жазған болатын. 

“Желіде Ербаянның жағдайын сұрап, хабарласып жатқан ағайынға мың алғыс. Қазір Ербаянның жағдайы бірқалыпты, Стамбұлда емін жалғастырып жатыр. Бірінші тұрған фото бүгін жасалды. Екінші фото Стамбұлға келген кезде басына жасалған отадан кейінгі кезі. Құдайға шүкір ота сәтті жасалып, енді реабилитациялық ем-шара, емдік дене шынықтыру процедуралары басталды”, - деді ол.

Айтуынша, қалпына келу біраз уақытты талап етеді.

“Оған дайынбыз. Ары қарай Ербаянның жігері мен дәрігерлердің кәсібилігіне сенеміз. Ербаянымызды іздеп, сұрап, ниеттес болғандарыңызға мың алғыс. Қазірге жаңалығымыз осы. Айтарлықтай өзгеріс, жақсы жаңалығымыз болса міндетті түрде Сіздермен бөлісеміз”, - деп жазды Инга Иманбай.


Рекомендовать
Последние новости