Мұғалім қыз: "Менде жеке өмір жоқ па?"

Dalanews 10 февр. 2017 06:16 1171

Ұстаздық ету балаларға сабақ берумен шектелмейді екен. Бұл кісілердің бір басына қыруар жұмыс жүктеп қойыпты. Роксалана Цой есімді қарындасымыздың жазбасын оқып көз жеткіздік бұған. Роксалана өз кәсібінің жақсы жағы мен кемшілігін айтып беріпті. Ойлантып тастады. Мұғалімнің жұмысы машақат екен ғой. 

Бүгін мен өз кәсібім туралы айтқым келеді. Мен мұғаліммін.

Кемшілігі:
1. Жалақы. 50-55 мың айлықпен ұзаққа шаппайсың. Шамаң белгілі. Мүмкіндігің шектеулі. Қарызға өмір сүресің. Қарыз аласың, қарыз қайтарасың. Жолымның өзіне жалақымның тең жартысы кетеді.

2. Жұмыс кестесі. Жұмысты қай уақытта бастайтының маңызды емес. Таңертең келсең де, түсте келсең де бәрібір сен жұмыста өмір сүресің. Мәселен мен 8-ден түскі сағат 1-ге дейін жұмыс істесем де, тыныш отырғызбайтынын білем. Түскі асымды апыл-ғұпыл ішем де біреудің орнына сабақ берем. Себебі, мұғалім мүлдем жетіспейді. Сенің 12 сағат бойы тікеңнең тік тұрып жұмыс істегенің ешкімді қызықтырмайды. Мектеп сенің үйіңе айналады. Көзіңнің асты ісіп кеткен түріңмен жүргенің. Мұндайда өз-өзіңді күтуге шамаң да, құлқың да болмайды. Үзіп-жұлып ішкен тамағың денсаулыққа әсер етеді.

3. Қағазбастылық. Бітпейтін есеп. Жоспарлар. Кестелер. Ешкімге керек емес, бір құшақ папкі құшақтап жүргенің. Бұл папкідегі ақпар комиссияға арналған. Ал комиссияға қарасаң, олар осы мектепте өмір сүретін сияқты.Таусылмайтын тексеріс. Біздің комиссияға дайын екенімізді тағы бір комиссия тексереді. Тексерушілер сенің сыныбыңдағы балалардың санынан көп. Бір құжатың толық болмады екен, комиссия шашыңды жұлады. Сені ақымақ қып көрсетуге тырысады.  Сосын дәптер...Көтеруден шаршайсың. Құшағыңа сыймайды. Сыныбыңда 37 бала бар болса, осы 37-ні 4-ке көбейтіңіз. Көбейттіңіз бе, міне осынша дәптерді арқалап жүресің, онысы өз алдына бұларды тексеру керек. 

4. Пәтер аралау. Жылына екі рет жазда және жаңа жылдан кейін сақылдаған сары аязда пәтер аралап жасы 0-ден 18-ге дейінгі балаларды санақтан өткіземіз. Қашан, қайда туды. Қайда оқиды. Егер біздің мектепте оқымаса, оның мектебіне барып, анықтама аламыз. Әрқайсымызға 100-200 пәтерден беріп қойған. Біздің адамдар да долы ғой. Есігін ашпайды, тарс жауып алады. Боқтап тастайды. Тиісетіндер де табылады. Осының бәріне төзу керек. Анықтама жинамадың, саған тиісті пәтерге кірмедің екен ескерту аласың. 3 рет ескерту алсаң жұмыстан қуып шығады. 

5. Сыртқы келбетің мен жеке өмірің... туралы жазып та керегі жоқ. Үстің бор-бор, сия-сия, тіпті әжең де кимейтін киіммең жүргенің. Жұмыстағы жұрттың дені әйел. Әйел болғанда да шетінен долы, ашуланшақ күйеуге шықпаған немесе жалғызбасты қатындар. Өмірден қажыған физрук. Иә, сені де сондай тағдыр күтіп тұр, Роксолана. Бір-екі жыл күт. Сен де солардың кебін киесің. Мектептің отымен кіріп, күлімен шығып зомбиға айналған қызды кім алады? Кәне, кім бар? Ешкім үндемейді ғой!  Жігіттер де қызық. "Қыдырмайтын, үйде отыратын қыз керек" дегенде сондайсыңдар. Мен клубың атың естігенім болмаса, затын көрген адам емеспін. Таңғы сағат 6-да тұрсам қайдағы клуб. Бұл уақытта менің құрдастарым өмірдің қызығын көріп жүр. Кигендері керемет көйлек, опа-далап, жасанды қас...Ал мен болсам, бұл уақытта балалардың бақылау жұмыстарын тексеріп отырам. Иә, еркектер күтімді қызды жақсы көреді, мойындауым керек. Сонда менде жеке өмір жоқ па? Ол қашан пайда болады? 

6. Енді жұмысымның жақсы жағы туралы айтсам. Ол біреу ғана. Балалар. Олар сені шын көңілмен жақсы көреді. Әрине, бұл үшін олардың махаббатына лайықты ұстаз болуың керек. Мысалға, мен сияқты. Мен мектепке келгенде, олар алдымнан шығады. Құшақтайды. Сағынып қалғанын айтады. Міне, сол кезде бұл кәсіпті неге таңдағаныңды түсінесің. Кейбір қошақандар қателесіп мені мама деп қояды. Күндерінің қалай өткенін әңгемелеп береді. Сен олардың ең жақын досысың. Солай. 

 P.s. Егер мені осы жазба үшін жұмыстан шығарып тастаса, мені жұмысқа алыңыздаршы.

Рекомендовать
Последние новости