Мамай ұсталды

Dalanews 10 февр. 2017 06:41 839

"Трибуна". Саяси қалам" басылымының бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайды ұстап әкетті.

Бұл туралы Азаттыққа Жанболат Мамайдың анасы Менизат Тоқпатаева телефон арқылы хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, бүгін таңертеңгі сағат 8:30 шамасында өздерін коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросынан деп таныстырған бірнеше адам үйлеріне келіп екі жарым сағаттай тінту жүргізген.
- Бүкіл үйге тінту жасап, барлығымыздың киімдерімізді, Жанболаттың бөлмесін түгел тексеріп шықты. Сосын Жанболатты алып кетті. Онымен бірге құжаттарын, ұялы телефонын, күйеуімнің планшетін, көліктің құжаттарын алып кетті, - деді Менизат Тоқпатаева. Ол тінтудің не себепті жасалғанын өзі білмейтінін айтты.

Бүгін "Трибуна. Саяси қалам" басылымының редакциясына да тінту жасалғаны хабарланды. Басылым журналисі Инга Иманбай Facebook-те басылым редакциясына тінту жүргізуге бірнеше адамның келгені туралы хабарлады. Иманбай жариялаған видеода редакцияға өзін жедел тергеу тобының тергеушісі деп таныстырған адамның кіргені түсірілген, таныстырудан соң видео үзіліп кетеді.

Басылымның Ақсай-1 шағын ауданында орналасқан редакциясына барған Азаттық тілшілері редакция есігіне қабырғамен біріктіріп "Бекітілген" деген жазуы бар қағаз жапсырып кеткенін көрді. Қағазда "И.Е.Иманбаева, Н.Әліпбек және тергеуші Н.Жақыпбеков болды" деген сөз бен бүгінгі күн жазылған. Бірақ қағазға мөр қойылмаған.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының баспасөз қызметі Азаттыққа Жанболат Мамайдың ұсталғаны туралы әзірге ақпарат жоғын айтты.

Рекомендовать
Последние новости