“Моанаға жарнама жасап бердім”. Бадықова желіде тараған видеосына қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 02 дек. 2024 19:36 3425

Белгілі актриса, продюсер әрі әнші Дариға Бадықова желіде жаппай тараған видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өнер иесі аталған пікірін әзілмен жеткізгенін мәлімдеді.

“Бұл пікірімді жалпы Голливудқа қатысты айтқан едім. Халық бізді қолдайды деген үмітпен, қалжың ретінде жеткіздім. Аталған видеоның не басы, не аяғы жоқ, қысқартылып тарап кеткен. Есесіне, осы арқылы Моанаға да жарнама жасап бердім”, — деді өнер иесі Dalanews.kz агенттігіне.

Сонымен қатар продюсер жақында жарық көрген туындысы алғашқысынан да әсерлі болғанын атап өтті. Айтуынша, фильм көптің көңілінен шығып жатыр.

“Екінші бөлім өте әсерлі шыққан әрі үлкен мағынаға ие. Жақсыны көрмекке дегендей, көрермендерге ұнап жатыр”, — деп қосты ол.

Айта кетейік, өнер иесінің “Таптым-ау сені” фильмінің жалғасы голливудтық “Моана 2” мультфильмімен қатар көрерменге жол тартқан еді. Осы тұста актриса голливудтық “Моана” мультфильміне барған қазақстандықтарды сынға алған болатын.

Өнер иесі халықтан өзге емес, өз елінің туындыларына қолдау білдіруін сұрады.

“Моанаға" барып "позор" болмайық. Бөтен елге ақшаны жіберіп, оларды байытуды қойғанымыз дұрыс. Ашығын айтамын, 27 қарашада “Моанаға” барған қазақтар болды. Алайда оларды сөкпеймін. Тек қандай қазақ екенін түсінбеймін. Сондықтан байыса, қазақ байысын. Ештеңе жоқ”, – деді актриса. 

Ал желі қолданушылары түрлі пікірді жарыса жазуда. Бірі актрисаның айтқанын жөн деп санаса, енді бірі оған қарсы шығып жатыр.

“Әркім өз таңдауы мен уақытына байланысты мультфильмді де, қазақстандық фильмді де тамашалай алады. Өз басым ішім тар емес… Қарапайым халық шетелді де, Қазақстанды да асырап келеді..”, “Әрине өз еліңнің өнер иелеріне қолдау білдіру керек. Өзімізден шықан дүниеге мән берген дұрыс”,
“Жақсы кино түсірсе, неге бармасқа?”, — деп жазды көпшілік.

Еске салайық, былтыр өнер иесі "Таптым-ау сені" фильмін 108 млн теңгеге түсірген болатын. Ал туындының табысы миллиард теңгеге жуық касса жинады.


Рекомендовать
Последние новости