Ресей Байқоңырдан әскери зымырандар ұшыра ма? — министрліктің жауабы

Қаракөз Амантай 28 нояб. 2024 12:45 829

Ресей 2025 жылы Байқоңырдан әскери зымырандар ұшырмайды. Бұл туралы Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Ашық НҚА" порталында жариялаған құжатта айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылы Байқоңырдан ғарыш аппараттарын ұшыру тек "Ресейдің ғарыш қызметі" мемлекеттік бағдарламасы аясында, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық пен коммерциялық жобалар шеңберінде жүзеге асырылады.

"2025 жылы ғарыш аппараттарын ұшыру Ресей Федерациясының "Ресейдің ғарыш қызметі" мемлекеттік бағдарламасы, Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ынтымақтастық және коммерциялық жобалар бағдарламалары шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Қазақстан СІМ Ресей тарапының 2025 жылға арналған әскери мақсаттағы ғарыш аппараттарын ұшыру және ғарыш айлағынан зымырандарды сынақтан өткізу жоспарлары жоқ екенін хабарлады", - делінген түсіндірме жазбада.

Министрліктің баспасөз қызметі келесі жылы Байқоңырдан тоғыз азаматтық ұшыру жоспарланып отырғанын айтты.

Айта кетейік, Роскосмос келесі жылдан бастап Байқоңыр ғарыш айлағын консервациялау туралы жабық консультациялар өткізе бастағанын DALA INSIDE дереккөзі хабарлаған еді.

Роскосмос мекемелері, әсіресе маңызды болып саналатын жер серіктерін жасайтын «Хруничев орталығы» мен зымыран құрастыратын РКЦ «Прогресс» санкцияға ұшырағалы бері, Ресейдің ғарыш ведомствосы ауыр қаржылық жағдайға душар болды. Барлық халықаралық тапсырыстар тоқтағандықтан, ал Ресей әскерилері спутниктерін Плесецк ғарыш айлағынан ұшырып жүргендіктен, Байқоңырдан Роскосмосқа шығыннан басқа ештеңе түспей отыр.

Ресей онсыз да Байқоңырда барынша қысқарып, 234 нысанды Қазақстанға қайтарып берген болатын. Өзіне тек ғарышқа зымыран ұшыратын инфрақұрылымды сақтап қалған. Бірақ оның өзін ұстап тұруға қажет шығындарды жаба алмайтыны байқалады. Ресей Федерациясы 2050 жылға дейін созылған келісім бойынша Байқоңырды жалға алғаны үшін Қазақстанға жылына 115 миллион доллардан төлеп отыруы тиіс. Биыл Ресейдегі бюджет дефициті 2 триллион рубльден асатыны болжанып отыр. Ол ішкі жалпы өнімнің 1,1 пайызы болады.

Роскосмостың жағдайы өте мүшкіл. Оған не мемлекет көмектесуі керек, немесе нарықтан қарыз алуы тиіс. Биылдан бастап Роскосмос облигация шығару құқығына ие болды. Ол Ресей Қаржы министрлігінің «мекеме нарықтан өзі қарыз алсын, біздің оған тікелей субсидия беретін жағдайымыз жоқ» ишарасын білдіреді.

«Бюджетті қысқартқанда, Роскосмостың ең бірінші ойланатыны Байқоңыр», - дейді дереккөз. «Ал Роскосмос қазіргі соғыс жағдайында әскери бағдарламалардан басқа барлық бюджетті қысқартуға мәжбүр. Сондықтан келесі жылды Байқоңырдағы зымыран айлақтарының техникалық қамтылуы екіталай. Ресей Байқоңырды тек стратегиялық жағынан ғана сақтап қалуға тырыспаса, былайынша, қазір еш практикалық қажеті жоқ».


Ресей кетіп қалған жағдайда, Қазақстан өз бетінше Байқоңырды тек музейге айналдыра алады. Себебі қазір біз жыл сайын ғарышқа бөліп отырған 1 миллиард теңге ештеңеге жетпейді. «Восточный» әуежайын сақтап қалып, дамытып, Байқоңырды шетелдік туристер келетін культті орынға айналдыру идеясы жаман емес. Немесе Байқоңырды кәдімгі ғарыш старты ретінде сақтап, дамыту үшін Қытай, әлде Илон Маскқа жүгіну ғана қалып отыр.

DALA INSIDE Роскосмостың 2024 жылғы қаржылық аһуалын мониторингте ұстап отырады.


Рекомендовать
Последние новости