Мысыр әуежайында қаза тапқан қазақстандықтың отбасына қандай көмек көрсетіледі

Көркем Алдабергенова 21 мая 2025 11:18

Мысыр тарапы Шарм-эль-Шейх әуежайында қаза тапқан қазақстандық азаматшаның денесін елге жеткізуді ұйымдастырады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Бүгін, 21 мамырда, марқұмның денесі Қазақстанға жеткізілуі керек. Қазіргі таңда барлық жұмыс үйлестіріліп жатыр, консул сол жерде, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Мысырдың азаматтық авиация министрі де көңіл айтып, арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Олар мәйітті тасымалдау шығындарын өздері өтейді. Бұған қоса, қазақстандық сақтандыру компаниясы да кейбір шығындарды жабады. Ал моральдық өтемақы мәселесі шешілген. Бірақ оның нақты сомасын айту – жеке сипаттағы дүние, сондықтан пікір білдіру дұрыс емес, – деді Қуантыров мәжіліс кулуарында.

Алайда ол отбасына өтемақыны нақты кім төлейтіні жайлы нақтылай алмады.

Еске салайық, 18 мамырда Шарм-эль-Шейх әуежайында Астанаға ұшатын рейске отырғызу кезінде жарнама қалқаны үш қазақстандықтың үстіне құлағаны белгілі болды. Олардың бірі алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты, қалған екеуі жарақат алды.


Рекомендовать
Последние новости