ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов 2025 жылғы 20 мамырда Үкімет отырысында жасаған баяндамасында 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысының көлемі өсетінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, шәкіртақы мөлшері:
- бакалавриаттағылар үшін 52 372 теңге,
- магистратурадағылар үшін 117 098 теңге,
- докторантурағылар үшін 262 500 теңге болып белгіленеді.
Вице-министр түсіндіріп өткендей, бакалавриат деңгейіндегі шәкіртақы мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге, ал магистратура мен докторантура деңгейінде 1,75 есеге ұлғаймақ.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикада 122 жоғары оқу орны, оның ішінде 10 зерттеу жоғары оқу орны және 23 филиал жұмыс істейді. 2024-2025 оқу жылында азаматтық жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның ішінде 624,5 мыңы бакалавриатта, 39,2 мыңы магистратурада, 7,6 мыңы докторантурада және 8,9 мыңы резидентурада білім алуда.
"Инфрақұрылымдық жобалар бойынша жұмыстар да белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда жатақханалардағы орын тапшылығы 2019 жылғы 82 500-ден 2024 жылы 14 873 төсек-орынға дейін қысқарды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жатақханаларда орын беру жөніндегі мемлекеттік қызмет проактивті форматта ұсынылатынын да баса айта кеткім келеді", - деді Талғат Ешенқұлов.