Мемлекеттік қызметті жетілдіру заман талабы

Dalanews 18 окт. 2018 11:36 944

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Сұлтанұлы Тұрсынбаев Бәйдібек ауданының активімен кездесу жиынын өткізді.

Департамент басшысымен өткізілген жиынды аудан әкімі Б.Танагөзов ашып, жүргізіп отырды.

Кездесу барысында сөз алған Ғ.Сұлтанұлы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда мемлекеттік аппараттың тұрақтылығы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

«Ұлт жоспарының алғашқы бағыты кәсіби мемлекеттік аппарат құру шеңберінде жаңадан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдары, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі қабылданғанын және мемлекеттік қызмет саласында кәсібилікті қамтамасыз етуді жетілдіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.

Жүйелі жасалған жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік қызметтің тұрақтылығы қамтамасыз етіліп, бүгінгі күні мемлекеттік қызметтен кету деңгейі 2 есеге төмендегенін, сондай-ақ, пилоттық жоба ретінде бірқатар мемлекеттік органдарда факторлық-балдық шкала жүйесі енгізіліп, ондағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2-ден 2,5 есеге дейін көтерілгенін тілге тиек етті.

Бұған қоса, ерекше қосқан үлестері мен жеке бастамалары үшін тиісті кезеңнің қорытындысымен қомақты бонустар төленетінін айтты.

Іс-шарада Департамент басшысы облыс орталығы Түркістан қаласында жаңа тестілеу орталығы ашылғанын және жуық арада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының ашылуы жоспарланып отырғаны туралы жаңашылдықтармен бөлісті.

Жиын соңында қатысушыларға пара алып ұсталған шенеуніктерге қатысты видео түсірілімдер көрсетілді.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости