Қазақ пен өзбектің достығы көпке үлгі

Dalanews 18 окт. 2018 11:51 1347

Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Ел бірлігі» қоғамдық қоры  «Өзбекстанның Қазақстандағы жылына» арналған ынтымақтастықты дамыту мақсатында облыста өзбек ұлтты азаматтары көп  тұратын елді мекендеріне барып, жиналыстар ұйымдастыруда.  

«Ел Бірлігі» қорының ұлтаралық қатынастар бойынша тәжірибесі мол екенін көзі қарақты жамағат біледі, бұл ұжымның кез келген тірліктегі кредосы – формализмнен, көзбояушылықтан алыс болу.

Сондықтан кез келген жиналыстарда баяндама жазбай сөйлеу, қатысушыларды сөзге тарту, қызық мәліметтер келтіру сияқты әрекеттер жиналыстың әрін келтіріп тұрады.

Келес ауданының Біртілек ауылындағы жиын мектепте өтті. Ауылдың атының өзі мұндағы халықтың ниетінің дұрыстығы, ақтығын көрсетіп тұрғандай. Ауыл тұрғындары жиында сөз сөйлеуге танымал шешен Мұхтар Мұхамбетжан мен облыстық өзбек газетінің басшысы Алишер Сатыбалды келгенін есітіп, тегіс жиналды.

Алишер Сатыбалды өз сөзінде екі ел басшылары Н. Назарбаев пен Ш. Мирзиеевтің келіссөздері, екі ел арасындағы сауда және рухани қатынастар туралы айтты, сөзін қазақша бастап, өзбекшеге өтіп, өзбекшеден қазақшаға өтіп қос жамағатты да өз біліміне тәнті етті. Ал Мұхтар Мұхамбетжан екі елдің достығын арттырудың құралы ретінде мынадай позиция келтірді:

– Қазақ пен өзбек халықтары – бауырлас халықтар емес, олар бір халық, бір ұлт. Жай ғана, бір халықтың көшпенді өмір салтын ұстанған жартысы мен отырықшы өмір салтын ұстанған жартысы. Қазақтың да, өзбектің де сүйегін құрап отырған бөліктер біреу өзіміздің қоңырат-найман, арғын-қыпшақ, қаңлы, жалайырлар, алшын, сіргелілер екенін көреміз, – деді.

Сарапшылардың ой-пайы елге ұнады. Бұдан кейін әзиз аналар шығып, ақсақалдар шығып, ауылда ешқандай жікшілдік жоқтығын, ауылда ұлт демей, ортақ тірліктерді бірге шешіп отырғанын, тіпті еш жатсынбай-ақ қыз алысып қыз берісіп отырғанын тілге тиек етті.

Негізгі ауылдың назарындағы мәселе – ұлтаралық мәселе емес, ұл-қыз тәрбиесі, имандылық сияқты рухани мәселелер екенін естіп, шын қуандық. Залға сыймаған адамдар кетпей, коридорда тұрып әңгіме тыңдап, жиналысқа қатысты.

 

Нұржан ЫДЫРЫСОВ

Рекомендовать
Последние новости