"Майқайыңалтын" АҚ-ның 100% кінәсі бар екені анықталды - сот

Қаракөз Амантай 17 апр. 2024 10:41 2382

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты "Майқайыңалтын" АҚ кенішіндегі апатқа жұмыс беруші 100% кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылдың 4 қаңтарында "Майқайыңалтын" АҚ Майқайың жерасты кенішінің аумағында "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі" ЖШС қызметкерлері автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткен еді. Салдарынан екі адам қаза тауып, қалған екеуі хабар-ошарсыз жоғалған болатын.

Айта кетейік, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылды.

Тергеу қорытындысы бойынша комиссия топтық жазатайым оқиғаны тергеу актісін жасап, оған жұмыс берушінің 100% кінәсі бар екені анықталды.

"Майқайыңалтын" АҚ жазатайым оқиғаға қатысы жоқ екенін айтып, дауласты.

Істі қарау кезінде сот тау-кен массасының кеңістікке құлауы салдарынан топтық жазатайым оқиғаның себептеріне мыналарды жатқызды:

1."Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғалары тарапынан тау-кен жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуіне өндірістік бақылауды тиісінше жүзеге асырмай, жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруы.

2.Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бұза отырып, блоктарды пысықтау кезінде опырылу процесін тиісті деңгейде бақыламау.

3.Талапкердің кен қазбаларын пысықтау кезінде қазба бірліктерін (блоктарын) жетілдіруге арналған жобалары болмаған (әзірленбеген).

Деректер мен басқа да мән-жайларды сотта зерттелген тергеу материалдары, оның ішінде сараптамалар мен кіші комиссиялардың қорытындылары растады.

"Жазатайым оқиға жұмыс уақытында "КӘАҚҚ" ЖШС қызметкерлерінің еңбек міндеттерін орындау кезінде болған. "Майқайыңалтын" АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды", - делінген сот хабарламасында.

Осыған байланысты сот еңбек комитеті мен өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.

Сот өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетін тиісті емес тұлға ретінде таныды.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, биыл 4 қаңтарда "Майқайыңалтын" АҚ аумағында 4 адам отырған автобус опырылған шұңқырға құлап кеткен еді. Салдарынан 2 құтқарушы көз жұмды, қалған 2 адам (1 құтқарушы, 1 жүргізуші) әлі табылмай жатыр.


Рекомендовать
Последние новости