Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Мен бүгін Ақтауға жұмыс сапарымен арнайы келіп отырмын. Басты мақсат – облыстың ахуалымен танысу, аймақтағы өзекті мәселелерді талқылау. Еліміз үшін Маңғыстаудың орны бөлек. Бұл – стратегиялық маңызы бар аймақ. Маңғыстауды батыс қақпасы деуге болады. Мен облыстың тыныс-тіршілігін ерекше назарда ұстаймын. Сондықтан бүгін аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысын егжей-тегжейлі талқылауымыз қажет. Аймақтың жалпы өнімі екі жылда 1,3 есеге өсті. Өткен жылдың бастапқы 9 айында өңірлік жалпы өнім 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш, бір қарағанда, жаман емес. Биыл бірінші тоқсандағы экономикалық индикатор 104,8 пайыз болды. Облысқа соңғы екі жылда 2 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Аймақ тұрғындарының саны үздіксіз өсіп келеді. Қазір мұнда 800 мыңнан астам адам тұрады. Жақында мен Шымкентке барғанда көші-қонды, яғни, миграцияны бақылаусыз қалдыруға болмайды деп айттым. Болжам бойынша көп ұзамай облыстағы халық саны бір миллионға жетуі ықтимал, тіпті, одан асуы да мүмкін. Бұл жағдай экономикаға және әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша салмақ түсіреді. Бұл факторды ұмытпауымыз керек, популизмге ұрынбаған жөн. Мен бұған дейін таза ауыз су мәселесін шешуді, білім беру және денсаулық сақтау жүйесін жақсартуды тапсырдым. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік-логистика әлеуетін арттыру және туризм саласын дамыту жөнінде нақты міндеттер қойылды.
Біраз шаруа жасалған. Жетістіктер аз емес, бірақ кемшіліктер де бар. Оны мойындау керек және ашық айту қажет. Нақты жоспар бар, міндеттер – белгілі. Өзекті мәселелерді шешу үшін Үкімет пен әкімдік күш жұмылдырып, белсенді жұмыс істеуге тиіс. Әкім Нұрдәулет Қилыбай жұмысына белсенді түрде кірісті, алдында тұрған міндеттерді, мәселелерді түсінеді, оларды шешу жолдарын біледі. Таяу арада нәтижелерді күтемін. Оның көтерген мәселелері – өте өзекті, бұл мәселелерді Үкімет мұқият қарауы керек. Басты мақсат – облыс тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл – анық нәрсе", - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырма берді.
"Қорыта айтқанда, бірінші талабым – бәріміз адал жұмыс істеуіміз керек. Екінші талабым – бәріміз озық ойлы болуымыз қажет. Үшінші талабым – жастарымызға дұрыс білім мен тәрбие беріп, оларға жол ашуымыз керек. Ал Маңғыстау облысына келсек, біз бұл аймақты жедел дамудың үлгісі ретінде көрсетуіміз керек. Облыстың әлеуеті зор. Соны тиімді пайдаланбасақ, бәрімізге кешірілмес күнә болады", - деді Мемлекет басшысы.