"Мәмин келді де, кетті...". Маңғыстауда мал әлі қырылып, дала өлексеге толып қалған

Dalanews 13 сент. 2021 07:17 816

Маңғыстау облысында ресми мәліметтер бойынша биыл 1 162 мал өлген. Алайда шаруалар бұнымен келіспей отыр. Олардың айтуынша, төрт-бес мыңдай мал қырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz Еуразия арнасына сілтеме жасап.

Олар тақыр далада жеуге қылтан таппай арам өлген малды көміп немесе өртеп үлгірмей жатқандарын айтады.

Далада теңкиіп жатқан өлексе жетерлік. Тіпті, өрістегі малдың бәрі су ішетін құдықтың айналасы да қаңқаға толы. Шаруалардың ендігі уайымы қолдағы тірі қалғанын сақтап қалу. Алайда, олардың да жағдайы мәз емес екенін айтады.

"Жемге тойып алғаннан кейін жілігінде май жоқ қой. Тұра алмай жатыр", – дейді шаруалар.

Көтерем биені аяққа тұрғызамын деп әуре болып жатқан Нұрболат былтырғы көктемнен бері қарай 27 бас жылқысынан айрылыпты. Жайылымда шөп қурап кеткені аздай, жемнің де бағасы шарықтап тұр екен.

"20 келілік Қостанайдың кебегін біз 2400 теңгеден Жаңаөзеннен сатып аламыз. Осы кебек Өзбекстанда 1500 теңге тұрады. 1 жыл бұрын 1000 теңге еді. Қолдан көтеріп жіберді. Жем-шөпті Өзбекстанға, басқа жаққа саттырмаса екен дейміз", – дейді шаруа Нұрболат Темірбаев. 


Бұл аймаққа үкімет тарапынан 2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген болатын. Шенеуніктер бұл қаражаттың 1 миллиард 100 миллионын игердік деп отыр. Яғни, әрбір аналық бас үшін 9800 теңгеден төленген. Қолына түскенді жылқысына беріп отырған Доғдырбай 31 биесі үшін тиесілі төлемді алыпты.

"Ол ақшаға кеше 150 қапшық жем алдым. Болды. Күніне 2 қапшықтан жейді. 30 күнде тауысады. Ол не болады? Амал жоқтықтан мынадай қарбыз аламыз, қауын аламыз. Бұл да әншейін келмейді, ақшаға аласың. Бұл Маңғыстауда болмаған жұт. Көзімді ашқалы малда келе жатырмын. Мұндайды көрген жоқпын", – дейді ол.

Судың тұнығын ішетін жылқылар алыстағы құдыққа жете алмайтын күйге түсіп, ауыл іргесінде жиналған кәріз суын ішіп жүр екен. Шаруалар соңғы 2 жылда әрбір 10 биенің жартысы құлындаса қуанамыз дейді. Малы өспеген соң кейбір азаматтар амалсыз басқа қоныс іздеуге мәжбүр.

"Малдың қамы үшін көшіп жатқан жігіттер жетеді. Биыл әсіресе көп. Ақтөбе жағына көшіп жатыр, Орал жағына көшіп жатыр. Өзі көшпесе сол жақта ақша төлеп бақтыратын қылып, малын көшіріп жатыр", – дейді шаруа Сағат Қосов.

Өрістегі төрт түлігінің тілеуін тілегендердің бар үміті  соңғы уақытта жиі талқыланып жатқан жасанды жаңбыр жауғызу әдісі.

Әлемнің көп елінде қолданылып жүрген мұндай құрылғыны жалдау құны  500 миллион теңге шамасында. Шенеуніктер "бұл шығынды төлейтін демеушілер табылып тұр" дейді.

Тек келісімге қол қойса болды, қыста қарды, жазда жаңбырды жаудырмақшы екен.

"Олар "200 шақырым радиусте" дейді. Яғни, Маңғыстау облысын толықтай қамтиды деген сөз. Осы жерден Бейнеу ауданы 500 шақырым. Демек түгел облысты қамтиды. Олардың айтуы "нақты 2 күн жаудырамыз, сіз айтып отырғандай тоқтамай қалады" деген болмайды деп уәдесін беріп отыр", – дейді Маңғыстау облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

Бірақ бұл бастамадан биыл орындалмауы мүмкін. Облыстағы жауапты мамандар ол үшін қажетті қаражатты тауып, төлеген күннің өзінде құрылғыны құру үшін 4 айдай уақыт керек екен. Сондықтан ерте дегеннің өзінде алдағы көктемсіз жасанды жаңбырды күтудің қажеті шамалы. Шаруаларға сол көктемге жету уайым болып отыр.

https://www.youtube.com/watch?v=1NmeoCo4Sh8&list=PL_blKZJ1z0cCjIX34-SJRAdE1RZHtm9z8&index=9

Рекомендовать
Последние новости