Қазақстанда діни фильмдерге сұраныс бар ма? - маман пікірі

Dalanews 13 авг. 2021 15:43 759

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері басқармасы және Діндерді зерттеу орталығының қолдауымен "Жұмақ" атты қысқаметражды фильм көрерменге жол тартты.

Қалалық Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов осы орайда "Қазақстанда діни фильмдерге сұраныс бар ма?" деген сауалға жауап берді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша "Жұмақ" фильмі қысқаметражды болғанымен, мағынасы мен мазмұны терең, философиялық туынды. Фильм көпшіліктің көңілінен шыққан.

"Фильмге теріс ағымның арбауына түсіп, ата-анасына қарсы сөйлеп, достарымен араласпай кеткен ер азаматтың оқиғасы арқау болды. Деструктивті діни ағымның тұзағына түсіп қалған ол Таяу Шығысқа аттануға қамдана бастайды.

Бұл соңғы жылдардың аса өзекті проблемасы. Фильмді аздаған уақыттың ішінде миллионға жуық көрермен көріп шықты. Сан алуан пікір жазылды, олардың кейбірін қойын дәптерімен түртіп алдым.


Ата-аналар ұл-қыздарының радикалды ағымның жетегіне еріп кетпеуін, ұрпағының мұндай жолға түспеуін тілейді. Содан да болар фильмді тамашалаған аудиторияның тарапынан мұндай дүниені мектеп қабырғасынан бастап көрсету қажет деген ұсыныс айтылды", – дейді басқарма басшысы.



Оның пікірінше дәстүрлі емес діни ағымдардың азғыруына ерген кейбір азаматтар салт-дәстүрді аттап өткісі келеді.

"Намаз оқымағандар шетінен кәпір, ата-анаң намазда болмаса олар да осы сапта" деп күні-түні құлағына құятын қауіпті пропаганданың құлақкесті құлына айналады. Соның салдарынан сан ғасыр бойы өзінің өміршеңдігін жоғалтпаған қазақ әдебіне деген құрметі жоғалады.

"Радикалды діни ағымның түбегейлі тұтқыны болып қалған азаматтар мына өмірден бақыт, махаббат іздемейді. Олар үшін соғыс ашу, осы жанжалда шахид атану басты мұрат. "Жұмақ" фильмі осындай кейіпкердің күйік пен қателіктен тұратын өмірін баян етеді", – дейді ол.

Фильм жарық көргеннен кейін "мұндай контент бізге керек пе?" деген сауал қойылған. Нұрдәулет Әлмұхановтың айтуынша діни саланы зерттеу, дұрыс насихат жүргізуде мұндай өнім ауадай қажет. Сол арқылы қоғамдағы проблемаларға үңіліп, көрерменге ой саласыз.

"Діни фильмді елге сабақ болсын деген ниетпен түсірдік. Әлеуметтік желідегі дереккөзі жоқ жалған діни ақпараттың тұңғиығына түсіп кеткен жастар бар, олар осы фильмді көріп ақылға келер деп ойлаймын.

Діни сауатсыздық – өте қауіпті құбылыс.

Жастар діннің атын жамылған теріс пиғылдағы тұлғаларды тыңдауын қойса, кез-келген діни контентті сүзгіден өткізсе деп тілеймін. Дін әлеуметтік желіден оқи салатын жеңіл дүние емес. Оған орашолақ қарауға болмайды. Ал діни ақпарат алғыңыз келсе,  iKomek109 нөміріне хабарласуыңызға болады", – дейді Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері басқармасының басшысы.

Рекомендовать
Последние новости