"Маған қарсы саяси ойын басталды...". Жақиянов мәлімдеме жасады

Dalanews 03 янв. 2023 11:59 968

Танымал саясаткер Ғалымжан Жақияновтың ақпарат құралдарына арнап мәлімдеме жасады. Ол ескі досы Төлен Тоқтасынов екеуінің арасындағы кикілжіңнің қайдан тамыр тартқанына егжей-тегжейлі тоқталған деп жазады Dalanews.kz. 

Айта кетелік, бұған дейін "Адырна" порталына Жақияновтың саясат пен бизнестегі сенімді серігі Төлен Тоқтасынов сұхбат беріп, саясаткер қатысты бірқатар даулы мәліметпен бөліскен.

Жақиянов өз кезегінде сұхбаттағы деректер ойдан құралғанын айтып, өзіне негізсіз айып тағылды деп есептейді.

"Көптеген жылдар бойы Төлен менің досым болумен қатар, мен саяси репрессияға ұшырап, бас бостандығымнан айрылғанда маған орасан зор көмек көрсеткен серіктесім болды.

Дегенмен, дәл қазіргі жағдайда мен өз беделімді сол ертеден келе жатқан досымнан қорғауға мәжбүрмін.

Ең алдымен, Алматы қаласы Медеу аудандық сотында Тоқтасыновқа қарсы кредиторлар қозғаған азаматтық істе мен талапкер де, жауапкер де емес екенімді баса айтқым келеді. Мен бұл процесте бас құқығы және жеке мүддесі зардап шеккен үшінші тұлғамын", – дейді ол.

Саясаткердің айтуынша, арадағы араздыққа ақша себеп болған. Қарызға батқан Тоқтасынов мойнындағы міндетті компанияға аударғысы келген.

"2007 жылдардан бастап, Тоқтасынов біздің ортақ таныстарымыздан бірнеше рет қомақты мөлшерде қарызға ақша алған, ал мұның бәрі маған біраз уақыттан соң ғана белгілі болды.

Уақытында қайтармағаннан немесе қайтарғысы келмегеннен бе, ол барлық жауапкершілікті акционерлер келісімін алмастан, ALGT ltd компаниясына аударғысы келді.


2019 жылы қаржылық міндеттеме айналасындағы кикілжіңнен кейін Тоқтасыновтың жобадан шығуы жайлы мәселе қозғалды. Компанияның ішкі мән-жайы мен қарыздары туралы берілген мәлімет расталған жағдайда, ол алатын сома алдын ала анықталды. Сол соманың шамамен үштен бірін уақытында алды.

Бірақ, келесі төлемдер тоқтатылды. Себебі, алдымен ішкі, кейін сыртқы тәуелсіз аудит жасап тексеру барысында (2022 жылдың бірінші жартысында жасалды) Тоқтасынов елеулі қаржылық былықтар мен алаяқтық жасағаны анықталды", – дейді саясаткер.

Жақияновтың атап өткеніндей Тоқтасынов "өзінің қаржылық манипуляциясына ешқандай түсініктеме бермеген".

"Менің де, оған ақша бергендердің де мәселені өзара бейбіт жолмен шешуге тырысқан әрекетімізден түк шықпады. Тіпті, қарызды қайтара алатын мүмкіндігі бола тұрып, қайтарудан бас тартты.

Туындаған сұрақтарға жауап берудің орнына, Тоқтасынов маған шантаж жасап, қорқыта бастады. Менен ақша алмаған жағдайда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы менің қоғамдық беделіме нұқсан келтіретінін ауызша да, жазбаша да айта бастады.


Маған қарсы арандатуда қазақстандық биліктің қолдауына ие болғанын да жеткізді, бірақ мен оның бопсалауын үзілді-кесілді қабылдамадым. Бас тарттым", – дейді Жақиянов.

Саясаткердің атап көрсеткеніндей осының нәтижесінде Тоқтасынов Жақияновқа қарсы Моңғолияның сақшы орындарына арыз берген. Алайда, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан іс ашылмаған. Керісінше, Тоқтасыновтың өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалған.

"Барлық жағдай мен құжаттарды тексергеннен кейін, керісінше, Моңғолияның тергеу комитеті мен прокуратурасы ALGT ltd бұрынғы атқарушы директор ретінде Тоқтасыновтың өзін алаяқтық пен құжаттарды қолдан жасағаны үшін жауапқа тартуға шешім қабылдады.

Өзі тапсырған ақпарат және менің өтінішім негізінде Моңғолия қылмыстық кодексінің 17.3-бабына сәйкес оған өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалды.

Тергеушіге берген уәдесіне қарамастан және заңды бұза отырып, Тоқтасынов 2022 жылғы 10 қазанда Моңғолиядан кетіп қалды, қазіргі уақытта оған халықаралық іздеу жарияланған.


Жоғарыда берілген мәлімет пен барлық жағдай Медеу аудандық сотына нақты құжатпен ұсынылған.

Қорытындылай келе мынаны айтқым келеді.

Төлен Тоқтасынов өзінің жеке басындағы қарыздары мен қаржылық борыштарынан шатасып, жауапкершілігін мойындағысы келмей, мені ауыр қылмыс жасады деп айыптап, маған ашық жала жабуға кірісті. Мұндай жаласына көнетін ниетім жоқ.

Маған қарсы ұйымдастырылып жатқан арандатуларда Тоқтасыновтың басты рөлді ойнауы өз шешімі ме, әлде біреулердің айдап салуы ма, әзірше анық айта алмаймын. Барлығы жақын арада әшкерленеді деп ойлаймын және соған сенемін. Сондай-ақ, біздің іскерлік және жеке қарым-қатынасымыздың қоғамдық талқылаудың тақырыбына айналғанына өкініш білдіремін", – дейді Жақиянов.

Рекомендовать
Последние новости