Кино түсіріп, көлік құрастырсақ, алдымен шетелге шығаруға неге құмармыз?

Dalanews 15 июл. 2016 04:05 909

Таяуда Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қостанай облысына жасаған жұмыс сапарында «Сарыарқа Авто Пром» көлікқұрастыру өндірістік нысанында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Бұл – еліміздегі көлік құрастыратын ірі кәсіпорындардың бірі. Индустрияландыру бағдарламасы аясында мұнда жаңа өндіріс – CКD-құрастыру әдісімен NOMAD және SsangYong автокөліктері құрастырылатынын білеміз.

 

Өзбектен қалып қойдық

Бүгінде Оңтүстік Кореямен бірлесіп шығарған темір тұлпарлардың біршамасын ел азаматтары тақымдап үлгерді. Соңғы уақыттары отандық көлікқұрастыру саласын дамыту үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келеді.

Дегенмен, аталған сала құлашын жазып, дамып кетті деп айта алмайсың.

Қайта машинақұрастыру саласында іргедегі көршіміз өзбектер бізден озды. Қазір ала шапанды ағайындар Daewoo Nexia және Daewoo Matiz көліктерімен әлемде автоөндірісі дамыған 30 елдің арасында жүр.

Көршіміздің темір тұлпар шығаруда зор жетістікке жеткенін көшеде жүйткіп жүрген Nexia мен Matiz көліктері айғақтай түсетіні анық.

Естуімізше, кезінде кәрістер Daewoo Nexia көлігінің зауытын Қазақстанда салуды ұсынған көрінеді. Бірақ біздікілер Nexia көлігін қорашсынып, олардың ұсынысын құп алмапты деседі.

Ал өзбек ағайындар Daewoo Nexia көлігін бірлесіп шығаруға қуана-қуана келісіп, қазір жемісін жеп отырған жайы бар.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан да көлік шығаруға талай рет талпынды. Бірақ елімізде құрастырылған көліктер өзбектің Nexia көлігіндей халық тарапынан сұранысқа ие болған жоқ.

 

Түйеден құлауға неге құмармыз

Несін айтасыз, біздер кәкүр-шүкір емес, жол талғамайтын көліктер құрастыруға аңсарымыз ауды. Қазір Қазақстанды айтпаған күннің өзінде, әлем жанармайды аз тұтынатын көлікке ауысып мініп жатқанда, біздер бензинді «шелектеп ішетін» жол талғамайтын көліктерді құрастыруға құмарттық. Құласақ түйден құлайық деп нар тәуекел іске бел буып жататын болдық.

Ішкі экономикалық жағдайымызға терең талдау жасалынбай, қолға алынған жобалардың көпшілігі ортан жолда сыр берді. Қазір сол жобалар мемлекеттің қолдау қаржысына иек артып, сүйретіліп келеді. Бұл – ащы да болса шындық.

Анау бір жылы Хаммер құрастырамыз деп «үлкен» іске бел буған едік. Сол кезде мұндай көліктерді сатып алуға қарапайым халықтың қалтасы көтермейтінін ешкім ойлап, бас қатырмады.

Елбасының өзі жол талғамайтын көліктер ірі қалаларда көлік тығынын туғызып отырғанын айтып, бай-манаптарды жанармайға үнемді көліктерге міну керек екенін айтқаны да есімізде. Бұдан кейін Қазақстанда шетелдік қымбат көліктердің саны азайып кеткен жоқ. Біздің сөзімізге көз жеткізгіңіз келсе, әкімдіктер мен ұлттық компаниялардың көлік тұрағын шолып шықсаңыз жетіп жатыр. Шетелдік қымбат көліктердің көрмесіне тап болғандай әсерге бөленесіз.

Кезінде Әсет Исекешев «басшылар отандық көлікке мінуі керек» деп бастама көтергенімен, оны ешкім қолдамады. Әкім-қаралар еліміздегі жаман жолдарда жорғадай жүйткіп жүретін Toyota Land Cruiser-ді Қостанайдан шыққан NOMAD пен SsangYong-ға ауыстыруға асыққан жоқ. Сол кезде олардың қаншалықты патриот екенін байқап қалғандай болдық.

Қазір аудан әкімдерінің басым бөлігі, министрліктер мен облыстық басқарма басшылары жол талғамайтын Toyota Land Cruiser көлігін мінетіні жасырын емес. Ал оларға күн сайын құйылатын жанармайдың бағасын айтып, жұрттың көңілін түсірмей-ақ қоялық.

Жалпы, Қазақстанның көлікқұрастыру саласы жайында таңды таңға ұрып әңгіме айтуға болады. Рулі оң жақтағы көліктердің дауы, қырғыздан келген көліктердің жағдайы, көлікті утилизациялау, еуропалық стандарттар енгізу мәселелеріне қатысты терең талдауға сұранып тұр.

Бұл мәселелер төңірегінде алдағы уақытта жаза жатармыз.

dalanews-karim_masimov01

Электромобиль қайда, біз қайда?

Енді бастапқы әңгімемізге қайта оралсақ, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қостанайға жасаған жұмыс сапарында «Сарыарқа Авто Пром» қарамағындағы Allur Group компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қытай корпорациясымен ынтымақтасып, автокөлік шығарып, шетелге экспорттауды жоспарлап отырғанын айтты. Тіпті ол қызды-қыздымен электромобиль шығарып экспорттайын айтып қалды. Соңғы аптада еліміздегі біраз ақпарат құралдары соны жарыса жазды.

Қуат көзімен көлік шығаруға маманданған Tesla компаниясының өзі электромобиль шығаруда біраз қиындықтарға тап болғанда, көлік шығарудан гөрі, көлік саудасына икемді қазақстандық компанияның электромобиль шығарып, өзге елге экспорттаймыз деуі асыра айтқандық емес пе?

Жалпы, біздің компаниялардың ішкі нарықты қарық қылмай жатып, өнімін шетелге экспорттауға құмартып тұратын жаман әдеті бар.

Кино түсіріп, көлік құрастырсақ, алдымен қызығын өзге елдің көруін қалап тұрамыз. Өз елінде сұранысқа ие болмаған көлік те, кино да әлемдік нарықты бағындырады дегенге кім сенеді. Бірақ Андрей Лаврентьев Кәрім Мәсімовті сендірді. Өз кезегінде Үкімет басшысы «Лаврентьев өзіңізге көп алып қоймадыңыз ба, ертен ұятқа қалып жүрмейік?» деп сұрауы керек еді.

Жарбол КЕНТҰЛЫ

 

Рекомендовать
Последние новости