Жириновский «жынды» емес…

Dalanews 15 июл. 2016 03:38 940

6 шілдеде Ресейде Пушкин күні өтті. Осы күнді кейбіреудің «Пушкинг» деуі намысқа тиіпті. Бәріміз жынсүрей санайтын Жириновский былай дейді: («Как отбить атаку», «АиФ» – №27, 2016) "Біз орыспыз. Бай тарихымыз, мәдениетіміз бар. Еуропаның тілдерімен қатар тұра алатын қуатты, бай орыс тіліміз бар. Бұл бізге бабаларымыздан қалған байлық. Сондықтан, біз оны қорғай білуіміз керек. Біз басқа тілде сөйлейтін құл емеспіз. Сондықтан, тілімізге еніп жатқан кірме сөздерге тыйым салу керек".

Орыстың ғажайып  «представление» деген сөзі тұрғанда, «первоманс» деген сөздің керегі не? Сондықтан, орыс мәдениетіне, тіліне қауіп төндіріп, Ресейді кезіп кеткен англицизммен аяусыз күреске шақырамын. Іскер адамдар, экономистер тілімізді кірме сөздермен бүлдіріп бітті. Біздің партия тілді осылай қорлағандарға айыппұл салып, жұмыстан босатуға шешім қабылдады. Орыс тілін шет тілінің қоқысынан құтқаратын кез келді. Біз оны құқықтық тұрғыдан қорғау туралы бірнеше ұсыныс айттық. Мұндай заң жобасын қабылдау уақыт күттірмейді. Үнемі тоқтаусыз дамитын тіл де оны күтпейді. Әйтпесе, бүлініп бітеміз. Демек, англицизммен бүгін күреспесек, ертең кеш болады.

Құрметтеу – бағыну емес. Тілді қорғау барлық әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Мәселен, Франция англицизммен белсенді күрес жүргізіп жатыр. Ағылшын тілі ағылшынтілді елдердің қорғауында. Тек бізде ғана туған тілімізге мән берілмейді.

Өзінің мыңдаған жылға созылған даму тарихында оған өзге тілден енген сөздер де көбейді. Мәселен, татар, грек, француз, неміс, ағылшын, т.б. (Орыс тіліне түркі тілінің 40 пайызы енгенін біле ме екен?!). Бұлардың біздің тілімізге әбден сіңіп кеткені сонша, тіпті, өз тіліміздей қабылдаймыз. Қазіргі англицизмнің қарқыны қатты. Өз тілімізде сол сөздің баламасы бола тұра, оны ауыстырғымыз келмейді.

ЛДПР орыс тілін құқықтық тұрғыдан қорғау жолында күрес жүргізе береді. Өкінішке орай, Мемлекеттік Дума бұл мәселеге әл-әзір мойын бұрар емес, демек, өзімізге шешім қабылдауға тура келеді.

Осы орайда, партияның 25 жылдығына орай біз «Орысша сөйлейік» қалта сөздігін шығардық. Бұл сөздікте жиі қолданылатын англицизмнің орнын ауыстыратын орыс сөзінің ең түсінікті, ыңғайлы баламалары бар.

Ең дұрысы, орыс классиктерін оқуға кеңес берер едім. Әдебиетті оқу ойыңды өз ана тілімізде сауатты жеткізуге үйретеді. Сондықтан, өз ана тілінен артық асыл болмайды. Оған шет тілін араластыру оны дамытпайды, тежейді. Демек, өз тіліңнің сұлулығын, әралуандығын, нәрлілігін түсінгіңіз келсе, көп оқу қажет.

Р.S. Былайғы жұрт «жын­сүрей» көретін Жириновскийдің де аракідік осындай жөн сөйлейтіні де бар. Бұл тек орысқа ғана емес, басқаға да тән мәселе. Құдды қазақ тілінің тағдырын да сөз етіп отырған тәрізді.

Қ.ИМАН.

 

Дереккөзі: «Алматы ақшамы» газеті

 

Рекомендовать
Последние новости