Киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтықпен күресу маңызды бағыт – Алматы полициясы

Жарбол Кентұлы 26 июн. 2025 12:52

Алматыда полиция департаментінің 2025 жылдың алғашқы бес айындағы жұмысына арналған қорытынды жиыны өтті. Жиынды департамент басшысы Арыстанғани Заппаров өзі жүргізді. Күн тәртібінде өткен кезеңдегі нақты көрсеткіштер, орын алған кемшіліктер және алдағы уақыттағы жұмыс бағыттары қаралды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарына берген тапсырмалары кеңінен талқыланды.

Президент атап өткендей, елдегі Әділдік пен Қауіпсіздік тек сөз жүзінде емес, Заң мен Тәртіптің нақты үстемдігі арқылы іске асуы тиіс. Бұл – полицияның қоғамға шынайы жақын болуы мен сенімге ие болуы үшін міндетті негіз.

Арыстанғани Заппаров жиын барысында полиция қызметкерінің кәсіби беделі күнделікті іс-әрекет арқылы қалыптасатынын еске салды. Ант берген әр қызметкер өзінің әрекетімен "Заң мен Тәртіп" қағидатына адалдығын дәлелдеп отыруы керек екенін баса айтты.

Оның сөзінше, соңғы бес ай ішінде Алматыда қылмыстық құқықбұзушылықтар 7 пайызға төмендеген. Әсіресе көшеде жасалатын және ауыр санаттағы қылмыстар азайған. Бұл деректер қылмыстың ашылуы бойынша жүйелі жұмыс бар екенін көрсетеді.

Алайда Алматы – динамикасы жоғары мегаполис. Мұнда бір мәселе шешілсе, екіншісі алға шығады. Жиында киберқылмыс пен интернет-алаяқтықтың өсуі ерекше атап өтілді. Бұл санаттағы құқықбұзушылықтар бүгінде тіркелген қылмыстардың жартысынан астамын құрап отыр.

Сондықтан да қаржы ұйымдарымен байланыс орнатып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды. Есірткімен байланысты қылмыстарды ашу көрсеткіші бірқалыпты сақталғанымен, контрабанда арналары мен жасырын зертханаларды анықтау бағытында жұмысты күшейту – келесі кезеңнің міндеті болып белгіленді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ. Бұл бағытта профилактикалық жұмысты күшейтіп, бөлімшелер арасында өзара үйлесімділікті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар көше қозғалысы, жол қауіпсіздігіне қатысты шаралар жалғаса бермек. Мопед пен электрсамокат жүргізушілерін қадағалау, жаңартылған ережелерді енгізу мен түсіндіру жұмыстарын жүйелеу – жолдағы тәртіпті сақтаудың бір тетігі ретінде қарастырылып отыр.

Көші-қон саласы да өзекті. Жыл басынан бері Алматыда заңсыз жүрген шетел азаматтарының бірнеше жүздеген дерегі тіркелген. Бұл бағытта да бақылау шаралары жалғасады. Қала қауіпсіздігі тек қылмыспен күрес емес, көші-қон процестерін басқару арқылы да қамтамасыз етілуі тиіс.

Жиын соңында қызметтік тәртіп пен ішкі заңдылықты нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту және «Заң мен Тәртіп» қағидатын полицияның күнделікті жұмысында нақты іске айналдыру бойынша тапсырмалар берілді. Алматы полициясының алдында тек тәртіп сақтау емес, тұрғындардың сенімін арттыру деген де үлкен міндет тұр. Бұл сенім бір ғана баспасөз мәслихатымен емес, күн сайынғы нақты жұмыспен келетін дүние.


Рекомендовать
Последние новости