Бас прокуратура өндірістік жүктемесі төмен кәсіпорындарды жандандыру, отандық өндірісті арттыру және импортқа тәуелділікті төмендету бойынша жұмысты бастады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мысалы «Qarmet Tubular Products Aktau» АҚ өндірістік жүктемесі төмен құбыр зауытының қызметін қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданған (19% - ға жұмыс істеген).
Отандық өндіруші болуына қарамастан, квазимемлекеттік сектор компаниялары өнімсіз делдалдар арқылы шетелдік құбырларды жоғары бағамен сатып алған.
Үкіметке енгізілген прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік органдар ұлттық компаниялармен бірлесіп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде зауыт өнімін пайдалану мәселесін қарады.
Бұл 8 млрд теңгеге жаңа келісімшарттар жасасуға және қызметкерлер санының 14%-ға өсуіне ықпал етті.
Кәсіпорын толық қуатына жетті, оның пайдасы 2,5 есе өсті.
"Қазір басқа да тоқтап қалған және өндірістік жүктемесі төмен кәсіпорындардың проблемалық мәселелері пысықталуда. Бұл жұмыс импортты алмастыруға, пайдаланылмаған ресурстарды экономикалық айналымға тартуға және отандық өндірістің өсуіне жағдай жасауға бағытталған.
Прокурорлар сатып алудағы шектеулерге, шикізат тапшылығына, өткізу нарықтарының болмауына және басқа да кедергілерге тап болған бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғауға бағытталған", - деп жазылған хабарламада.