Күндердің күні Кремльден Қазақстан да теріс айналады

Dalanews 19 мар. 2019 05:47 884

«Әбден сүйкімі кеткен Ресейдің саусақпен санап аларлық одақтасы қалды. Соның бірі – біз. Кремль Қазақстанды ел құрлы көрмейді, алайда. Егемендік алғанын елеп-ескеріп отырған ол жоқ. Біз олар үшін Федерация құрамындағы 86-субъектінің санатындамыз баяғыдан. 

Қазақстанға келгенде дипломаты бар, депутаты бар, сарапшысы бар, Соловьеві бар, тағы басқасы бар маскаларын сыпырып, совет үкіметінен «мұраға» қалған әміршіл, өктемшіл кейіпке қайта енеді.

«Бұлар дербес ел-ау. Бодандық қамытынан құтылды-ау. Саяси этиканы сақтасақ етті. Сыйластыққа сызат түсіріп алмайық...», – деген ой санасына кіріп-шықпайды олардың. 


Олардың ойы түрулі іргеден тас ату ғана. Бұл түрімен Ресей түптің-түбінде жападан-жалғыз қалады». 

Белгілі қазақстандық журналист Вадим Борейко Қазақстанның ішкі ісіне килігіп, іріткі салуға ілік іздеп отырған Кремльге осындай баға беріпті. 

Борейконың пікірі орысша айтылғанымен, құнды (елдегі орыстілді БАҚ-тың Ресейді сынауы сирек өйткені. Сол елдің сойылын соқпаса, қарсы сөйлеген кезі ілуде біреу ғана).  

Мақаланың мазмұны да бұған дейін бұл мәселені жетер жеріне жеткізе қаузаған қазақтілді БАҚ-тың көзқарасымен үндес жатқасын ықшамдап болса да аударғанды жөн санадық. 

Борейко былай деп ашыныпты: 

Кремльдің көздегені не?


«Ресейде «Альпари» дейтін ақпараттық орталық бар. Басшысы Александр Разуваевпен бір жылдары істес болдық. Қазақстандағы газет-сайттардың бетінен түспейді ол.



Сол Разуваев «Теңгені деноминациялау қажет. Күнделікті алыс-берісте елдің ұсақ ақша ұстағаны жөн», – депті.

Ойпырым-ай, ә?! Қалай-қалай орағытады өзі? Қалай-қалай көсіледі? Қазақстанға жөн сілтеп, жол көрсетердей, Ресейдің төрт құбыласы түгел ме еді осы?!

 Жоқ, өз жыртығын өзі жамай алмай жүріп, өзге елге ақыл айту Ресейдің ежелгі әдеті. 

Былтырдан бері Ресей ақшасы долларға шаққанда 21,1 пайызға, еуроға келгенде 15,5 пайызға құнсызданған.

Тілі қышып тұрса рубль туралы айтсын Разуваев, ақылы асып-төгіліп жатса АҚШ-тың Федеральді резервіне барсын, доллардың күйін күйттеп. Көрейік, тыңдар құлақ табылар ма екен?.. 


Қазақстанға келгенде көсемсіп, шешенсіп кететін Разуваев секілділер Ресейде ондап, жүздеп жүр.  
Бұл мәселені жылы жабуға болмайды сондықтан да.  

Дәл сол Разуваев: «Одаққа біріккен елдер ортақ валюта құрсын. Оның аты алтын болсын», – деп өліп-өшіп жүр.

Былтыр Астананың төрінде отырып сөй деді сабазың.

Шатағы не?


Бізге келгенде көсемсіп, шешенсіп сөйлейтін Разуваев секілділер ортақ валютаның әңгімесі әлдеқашан таусылғанын, Ресейдің кешелі-бүгінгі әрекетінен кейін Қазақстанның ортақ валюта туралы ойдан айнып қалғанын аңдауға өресі жетпей отыр. 

Еуразиялық одаққа бағы емес, сорына қарай қосылғанын қазір ғана түсінді біздің ел. Ресеймен одақтасып опа таппасына көзі жетті. 


Қазақстан одақтастықтың тым тереңдеп кеткенін қаламайтынын қас қабағымен-ақ аңғартып отыр. 
Ресейдің одақты саясиландыруға қатысты кез келген ұсынысын Тәуелсіздікке қол сұғу деп қабылдайтын тегеурінді топ қалыптасты осы тұста. 

Разуваев секілділер сонда да қояр емес.

Тыйылар түрі жоқ олардың, тәбеті ашылғаны сондай, Қазақстанның латынға көшкенін естігенде Дума депутаты Алексей Журавлев төсегінде тыныш жата алмапты.

 

«Түнімен дөңбекшіп шықтым. Бұл, бұл дегенің Ресеймен арадағы достыққа сына қағу ғой» деп байбалам салғаны бір бөлек, Қазақстан Парламентінен әлгі әрекетін түсіндіруді талап еткен-тұғын. 

Кремльдің құрқылтайы Владимир Соловьев болса Сирияға жауынгер жіберген Ресейді ашық қолдамағаны үшін жазғырған біздің елді. 


«Біз өзі Қазақстанмен қандай одақ құрдық? Томаға-тұйық жатқанын қалай түсінуге болады? Арамызды ала мысық кесіп өтпеді ме осы? Әлде келесі майдан Қазақстанда болады деп күтеміз бе? Бұл елді Ресейден жырып алғысы келетіндер көп қой», – деп көкігені есімізде. 

Бізде неге мінез жоқ?


Соловьевті сықпыртып алатын мінез біздің елде жоқ. Сыртқы істер министрлігінің бұған қатысты солғын жауабы Соловьевке сабақ болмағаны анық. 

Күні кеше Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Орта Азиядағы ашаршылыққа қатысты мәлімдеме жасады. 
«30-жылдардағы аштық тақырыбын әлдекімдер әдейі ушықтырып отыр» – дейді Кремль. 
Солай деп санайды екен Ресей. 

Солай бағалайды екен бірнеше миллион адамның өмірін жалмаған зұлматты. 
Орта Азия дегені көзалдау ғана. Қазақстанды емеуріндеп айтқаны. Аштықтан күллі КСРО-да 7 млн адамның ажал құшты. Ал Ресей болса бұл тақырыпты біреулер бұрмалап отыр дейді… 

Өзінен көрсін. Өз қадірін өзі кетіріп отыр бұл ел. Өткенді аңсайтын өлермендігінен болады ажалы. Өктемдігін жүргізем деп жалғыз қалады ертең ешкімге керексіз болып. Мына түрімен күндердің-күні одан Қазақстан да теріс айналады. Бұлай етуге Ресейдің өзі итермелеп отыр». 

Борейконың пайымдауы дұрыс. Дәл осы Ресейге келгенде елдегі БАҚ атаулы бірауызды болса, ертеңгі мылтықсыз майданда да есемізді жібермес едік.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости