Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасы бойынша жұртшылық өкілдері бюджеттен қаржыландырылатын нысандардың жөндеу жұмыстары мен құрылыс барысын тексереді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz порталына сілтеп.
Алтай өңірі жұртшылығының өкілдері Жаңа Бұқтырма ауылын абаттандыру жұмыстарын бақылауға кірісті. Облыстық құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында атап өткендей, жоба туризмді дамыту аясында жүзеге асырылуда. 2024 жылы ауылдың орталық бөлігін абаттандыру, жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, ауылдың туризм саласына инвестиция тарту әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін жылумен қамту және жолдарды күрделі жөндеу бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.
“Қоғамдық белсенділер мен атқарушы органдар арасында өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық болуы керек. Нысандарды облыс әкімі аппараты мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бақылауға алды. Жұмыстың қызу жүріп жатқанын байқауға болады, техника көбейіп кетті... Құрылыс бөліміне орындалған жұмыстардың актілеріне қатысты сұраныс жіберілді. Жауабын жақын арада аламыз”, - деді “Әділ Пішенов”, “Әділдік жолы” ҮЕҰ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтер.
Құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы сендіргендей, жұртшылық барлық нысандарға, қаржылық құжаттарға, сондай-ақ пайдалануға беру актілеріне қол жеткізе алады. Қазір облыста 25-тен астам әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде.