Науқаншылдық, есірткі бизнесі, деструктивті идеология. Тоқаев тәртіп сақшыларына қандай тапсырма жүктеді?

Dalanews 22 янв. 2024 11:33 1138

Президенттің төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оқырман назарына Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі дәйексөздерін ұсынамыз:

– Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс.

– Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда.Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар.

– Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек. Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс.


– Бірақ бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды.

– Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың құқығын қорғау жүйесін жаңғырту – өте өзекті мәселе. Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек.
– Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз.

– Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек


– Алайда аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты бақылауда ұстайды.

– Жасөспірімдер бос жүрмеуге тиіс. Олардың шығармашылыққа, спортқа қызығушылығын арттыру жағына көбірек көңіл бөлу қажет. Балаларды еңбекке баулып, волонтерлік қызметке жұмылдырған абзал. Көзбояушылық үшін жасалатын жұмысты доғару керек.

– Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек. Науқаншылдық, көзбояушылық және статистика үшін жұмыс істеу дегенді тоқтату қажет.

– Біз өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып жүрген полицейлерді ескерусіз қалдырмауымыз керек. Әсіресе олардың нағыз ерлік істерін (ал мұндай жағдайлар аз емес), жұмысын лайықты бағалап, ең жоғары наградалармен марапаттауымыз қажет. Кәсібилік, жауапкершілік танытқан, ерлік көрсеткен нақты жағдайларды үлгі ету, Ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыру арқылы полицияның оң имиджін қалыптастыру маңызды

Фото: Ақорда

Рекомендовать
Последние новости