"Көрмегеніміз жоқ...". Атырауда мұғалімдер мен ата-аналар министрден көмек сұрауда

Dalanews 05 авг. 2020 13:23 899

Атырауда ата-аналар мен мұғалімдер қашықтан оқитын жаңа оқу жылына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені мұнайлы өңірдің жиырмаға жуық ықшамауданда интернет жоқ. Соңғы үш жылда аймақты цифрландыруға бір тиын да бөлінбепті.




Жергілікті билік мобильді операторларды қосамыз дегенімен атыраулықтар бұл қызметтің оқушылар үшін тым қымбат екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Мектеп жасындағы балалары бар Атырау қаласының Самал ықшам ауданының тұрғындары мен мұғалімдер өткен оқу жылының соңғы тоқсанында онлайн оқимыз деп қатты қиналғандарын айтады. Өйткені бұл ауданға интернет жүйесі тартылмаған. Ал өзге операторлардың қызметіне аптасына он мың теңге төледік дейді олар.

"Соңғы тоқсанды үйтіп-бүйтіп, Whatsapp-пен бітірдік. Енді биыл Zoom бағдарламасымен болады депті. Бұл қосымшаға қосылу үшін интернеттінде ақау болмауы керек. Ал біз қосылып жүрген интернет Zoom-ды көтермейді. Ұстаз оқушыны, бала ұстазды естімеген сабақ мәнді болады ма?" - дейді ата-ана Әлия Байсалихова. 


"Сәуір-мамыр айларында Zoom бағдардарламасымен сабақ өтіледі деп мәлімдеген болатын. Алайда біздерге де, ата-аналар мен оқушыларға бұл қосымшамен оқуға мүмкіндік болмады. Үй тапсырмасын Whatsapp-пен жіберіп жүрдік", - дейді мұғалім Нұргүл Макарова.

Атырау облысы бойынша Батыс өңірлік телекоммуникациясы жергілікті желі торабының директоры тұрғындардың бұл талабына қаражат жоқ деп қысқа қайырды.

"Біріншіден, қаражат мәселесі. Қаржы тек келесі жылға қарастырылған. Жобалау есебі бойынша 180 миллион теңге қажет", - деді Батыс өңірлік телекоммуникациясы жергілікті желі торабының директоры Нұрлан Макулов.

Желіге жауаптылардың айтуынша, соңғы үш жылда Атырау қаласы халқын цифрландыруға бір тиын да бөлінбеген. Соның салдарынан аудандарды қоспағанда қала ішіндегі 18 ықшам аудан интернетсіз отыр. Ал облыстық әкімдік өкілдері аймақтарға мобильді интернет операторларын қосуды қарастырып жатырмыз дейді.


https://www.youtube.com/watch?v=g3y7q-qMipY

Рекомендовать
Последние новости