Көпшілік көпбалалы анаға құны 12 млн теңгенің үйін салып берді

Dalanews 18 нояб. 2021 16:41 845

Түркістан облысы, Төлеби ауданының кәсіпкерлері мен тұрғындары Ақбастау ауылының тұрғыны көпбалалы, жалғызбасты анаға үй салып берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құны 12 млн. теңгелік үйдің көлемі 120 шаршы метрді құрайды. Сегіз балалы ананың жай-күйімен танысқан аудандық «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері құрылыс жұмыстарын ұйымдастырып, демеушілер іздеп, ізгі істің басы – қасында жүрді. Тұрғын үй заманауи үлгіде толық әрленген.

Көпбалалы ананың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Төлеген Телғараев арнайы барып, демеушілік жасаған азаматтарға алғысын жеткізді.

– Бұл жұмыстар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру мақсатында әрі азаматтардың бойында отанға деген жауапкершілік сезімін және әлеуметтік белсенділігін арттыру үшін ұйымдастырылып отыр. Елімізде жылағанды жұбататын, сүрінгенге қол ұшын беретін жаны жомарт, қайырымды азаматтарымыздың осындай сауапты істері көп бола берсін, – деген аудан басшысы қуаныш иелеріне газ плитасын тарту етті.


Жастардың игі бастамасына аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев алғысын айтып, батасын берді. Қоныс той иесі Мадина Набиева баспана салып берген демеушілерге ризашылығын білдірді. Айта кетерлігі, Мадинаның өмірлік жары өмірден өткен соң сегіз баланы жалғыз өзі тәрбиелеуде. Көпбалалы ана осы уақытқа дейін ауылдағы тозығы жеткен үйді паналап келген болатын.

Рекомендовать
Последние новости