Мирзияев Өзбекстанды Еуразиялық одаққа қосып тынады - сарапшы

Dalanews 19 нояб. 2021 06:50 870

Өзбекстан тумасы, әзір АҚШ-тағы әскери-теңіз орталығында істейтін Умида Хашимова ресми Ташкенттің осы бағыттағы позициясына талдау жасапты.

ТМД кеңістігіне ұдайы шолу жасайтын The Diplomat басылымында жарияланған мақала Dalanews.kz-тің назарынан тыс қалмады.

АҚШ-тегі әскери-теңіз орталығы елдің ұлттық қауіпсіздігіне әсер ететін факторларды жіпке тізіп, Ақ үйге әлемнің түкпір-түкпірінен актуалды ақпарат жеткізумен айнылысады.

Осынау орталықтың сарапшысы Умида Хашимова:



«Ташкент Еуразиялық одаққа кіруге кет әрі емес. Одақтың оң-теріс тұстарын таразылай келе, ақыр соңы Мәскеудің ығына жығылған түрі бар. Бірақ қазіргі қалпында қосыла салмайды, өзінің талап-шартын алға тартып, есесі кетпейтін дәрежеде енуі тиіс», – дейді.

Өзбектің айнып қаларынан қорқатын Мәскеу әліптің артын бағуда. Кремль Ташкентті тым асықтырғанды қаламайды. Бұл мәселе әбден пісіп-жетіліп, қорытылып, одаққа қосылу туралы ұсыныс Өзбек билігінің өз аузынан айтылуын күтіп отыр.


Лавровтың орынбасары Андрей Руденконың пікірі осы ойымызды растайды. Орыс дипломатының пайымдауынша, Ресей мен Өзбекстан жаңа тарихи кезеңнің табалдырығында тұр.

«Ташкент Еуразиялық одақтан ойып тұрып алуға лайықты. Әйтсе де мұндай шешімге байыппен келген жөн. Мирзияевтың маңайы одақтың түпкі мақсаты мен мұратына толық талдау жасауға құқылы», –дейді ол.

...

Айтуы айтқанмен Кремль осы бағыттағы пропагандаға қызу кірісіп кетті. Өзбек билігінің төбе басындағы азаматтарды соңғы күндері ресейлік ақпарат құралдары торуылдап жүр.

«Еуразиялық одаққа қосылу мәселесі кейінге қалды ма? Бұл шаруа неге кешеуілдеді?» деп өзбек шенеуніктерін сұрақтың астына алған ресейлік БАҚ Мәскеуден жеткен бұйрықты бұлжытпай орындауда.

Умида Хашимованың айтуынша Ресей осы арқылы «қоғамда ұйымға қосылуға талпыныс бар» деген алдамшы әсер туғызып, одаққа қатысты сыни пікірлерді тұмшалауға тырысуда. Ал өзбек билігі Қазақстанның қателігін қайталығысы жоқ. Одақтас елдердің жиі-жиі жік-жапар болып, алыс-беріске келгенде жүз шайысып қалатынын көріп-біліп отыр.

«Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдуләзиз Камилов осы туралы астарлап айтып өтті түнеукүні. Ташкенттің одаққа қосылуы кешеуілдеп жатса, ұйымның олқы тұстарын аңғарғанынан. Ұйымға өтуі өтіп алып, ертеңгі күні өкініп жүрсе, бірінші кезекте Мирзияевқа сөз келеді. Одаққа қосылған өзге елдерге қарағанда өзбек шенеуніктері ұйымның кемшін тұстарын да көре білуде. Еуразиялық одақты көпе-көрнеу мадақтау саясаты жоқ, артық-кем тұстарын тең алып отыр», – дейді сарапшы.

«Коммерсант» газетіне ұйымға қосылып-қосылмау туралы пікір білдірген Камилов Ресейдің қыспағына ұшыраған одақтас елдердің арыз-шағымын назарға алатынын айтқан.

  • Ұйымға мүше мемлекеттер неге наразы?

  • Олар Ресейдің нарығына кірерде нендей кедергіге тап болады?

  • Наразы мемлекеттердің шағымы тек экономикалық сипатқа ие ме, әлде саяси салдары да бар ма?


Сөй деген Камилов:

«Одаққа мүше мемлекеттердің қателігін қайталамауға тырысамыз. Өзбекстан ұйымға кірген күннің өзінде ешкімге есесін жібермейтін, елдің экономикалық мүддесін табанға таптайтын ерекше талаптың негізінде өтеді. Кейбір салалар бойынша келіссөз жүргізетін боламыз, Одақтың шартына бағынбайтын, өз ережеміз бар», – деген-тұғын.

Умида Хашимова соны меңзеп отырса керек.

...

Солай бола тұра Өзбекстан Еуразиялық одаққа мұхтаж. Сарапшының пікірінше, өзбек экономикасының сауда-саттыққа ебі бар, сондықтан мұндай мүмкіндікті жіберіп алғысы жоқ.



Мирзияев билікке келгелі мерзімде Ташкенттің Еуразиялық одақтың іс-шарасына үзбей қатысуы соның белгісі.

Айта кетелік Мирзияев былтырғы жылы Еуразиялық экономикалық одақтың екі бірдей кеңесіне қатысып, бақылаушы статусын алып қайтқан.

Тұтастай алғанда өзбек президентінің командасы елдің ұйымға қосылуын құптайды. Мирзияев «иелік» ететін Либерал-демократиялық партиясының бірқатар белсенділері одақтың пайдалы тұстары туралы билікке тиесілі БАҚ-та көлдей-көлдей мақала жазуға көшкен.

Умида Хашимова өзбек билігінің одақ аясындағы ортақ нарықта есесін жібермесіне сенімді екенін айтады.

«Одан бұрын өзбек мигранттарының көзі ашылады. Қазір өзбектің қара жұмысшыларына шектеу көп. Ал қолынан іс келетін, білікті медкадрлар Ресейдің фармацевтика нарығында жұмыс істегісі келеді. Ресейдің сауда, ойын-сауық нысандарында дүкен ашқысы келетін саудагерлер жүздеп, мыңдап саналады. Басқа да секторға тұмсық тыққысы келетін өзбек кәсіпкерлері көп. Бұған Еуразиялық одаққа өткенде ғана жол ашылады. Одақты мақтауға келгенде өзбек шенеуніктері осы аргументті алға тартады», – дейді сарапшы.

Либерал-демократиялық партияның белсендісі Актам Хаитов Өзбекстан одаққа өткен жағдайда еңбек мигранттарының табысы қосымша 3 млрд долларға артатынын айтады.


Мирзияев билікке келгелі Өзбекстанның Еуразиялық одақ елдерімен байланысы жақсара түскен. Соның ішінде сауда-саттық саласының көрсеткіші өскен. 2016-2019 жылдың аралығында Ташкенттің одақтас елдермен алыс-берісі 4,5 млрд-тан 9,1 млрд долларға дейін артыпты.

«Мирзияев одаққа өту арқылы жұмысыздық мәселесін шешпекші. Экспортты ұлғайтуды көздеп отыр. Өзбек экономикасының одақ нарығында емін-еркін ойқастап, өз үлесін аларына сенімді. Енді тек ойын ережесін анықтау қажет. Бұл тарапта Ташкент өз дегенінде тұрып, позициясын бермеуге тырысуы тиіс», – дейді сарапшы.

...

Бұған дейін Өзбекстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толуына орай өткен салтанатты жиында Шавкат Мирзияев Орта Азияны бірігуге шақырған.

“Өзбекстанның аймақтық дәрежедегі, әлемдік деңгейдегі беделі артып келеді. Ашық саясат жүргізгеннің жемісін жеп отырмыз. Диалогқа дайынбыз.

Бір кездері шекарамыздан шегіртке де өтпейтін. Қазір ел азаматтары алыс-жақын шетелге сапарлап, сондағы туыс-туғандарымен қауышып жатыр. Көршілермен кіржіңдескен кезең келмеске кетті. Жаратқан Орта Азияны ауызбіршіліктен айырмасын. 


Соңғы жылдары аймақ елдерінің ынтымақтастығы жаңа дәрежеге көтерілді. Саясатта “Ортаазиялық рух” деген ұғым пайда болады. Иә, Орта Азияның рухын ояттық. Аймақтың атынан халықаралық саясатқа ықпал етерлік, бағдар берерлік батыл ұсыныстар айтылуда.

Арамызды суытпай, жиі-жиі жүздесіп тұратын жақсы дәстүр қалыптастырдық. Түнеукүні Түркменстанда өткен жүздесуде дамудың жаңа бағыттарын айқындадық”, – деген-тұғын өзбек басшысы.

Бұдан бөлек елдің Кәрімов дәуіріндегі томаға тұйық бағыттан біратала бас тартқанын, Ташкенттің саяси өрнегі өзгергенін еске салған. Елдің енді қайтып бұл сүрлеуге түспесіне сенім білдірген.

Ширай келе Орта Азияның Ресей ықпалынан арылып,  “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарарын” астарлап жеткізген еді.

Мінекей, сөй деген Мирзияев осы аптада ресми сапармен Мәскеуге барады.

“Ресейге Путинмен кездесу үшін Өзбекстан президенті келе жатыр. Бұл Шавкат Мирзияевтің таяуда ғана президент сайлауындағы жеңісінен кейінгі алғашқы сапары”, – деп хабарлауда ресейлік БАҚ.

Кездесу барысында екі елдің президенті 30-ға жуық құжатқа қол қояды деп күтілуде.

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости