«Кіші ұшаққа 1,5 млрд доллар сыймайды». Сатыбалдының қыруар ақшасына қатысты ақпарат желдей есуде

Dalanews 20 мая 2022 08:30 847

Соңғы бір-екі күнде әлеуметті желі мен ақпарат  құралдарында Қайрат Сатыбалдының ұшағынан «табылған» 1,5 млрд доллар туралы ақпарат желдей есуде.    

Аbzhannews Telegram каналы ақпарат таратты. «Қайрат Сатыбалдыны ұстау кезінде оның жеке ұшағында 1,5 миллиард доллар бары белгілі болды. Ол қамауға алынардан бұрын Дубайға ұшпақ болған» деген ақпарат пайда болғалы бері ақпарат сан құбылып тарағанын куә болдық.

exk.kz сайты бұл туралы Антикордан ақпарат сұраған. «Бұл туралы ештеңе айта алмаймыз. Өкінішке қарай қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201 бабына сәйкес барлығы шектеулі. Жариялауға тиісті ақпараттар бұған дейін айтылды» деп Антикор өкілі өзі түсініктемі бергеннен кейін  1,5 млрд долларға қатысты ақпарат елдің қызығын одан сайын ұлғайта түсті. Антикор ақпаратты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.

Қайрат Сатыбалды наурыз айының ортасында қамауға алынған болатын. Сол кезде Антикор басшысы Олжас Бектенов журналистердің «өзімен бірге қолма-қол көп ақшасы болды ма?» деген сұрағына «Жоқ, қолма-қол ақша болған жоқ. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кейінірек айтамыз» деп жауап берген еді.

Ол Сатыбалдыны ұстау ісі бойынша миллиардтаған қаражат бары туралы да айтты. Алайда қолма-қол қаражат туралы сөз болған жоқ.

– Қылмыстық іс «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеліп жатыр. Кеше осы бойынша тиісті ақпарат таратылды. Қазіргі кезде қаражат сомасы анықталып, осы іс бойынша бірнеше эпизод қамтылған. Осы орайда сараптама жүргізілгеннен кейін, біз бұл соманы жария етеміз. Дегенмен осы іске қатысты миллиардтаған қаражат бар деп айта аламын, – деген еді сол тұста Олжас Бектенов.


Кешегі ақпарат тарай салысымен әлеуметтік желіде түрлі пікір тарады. Кейбірі 1,5 млрд доллар 15 тонна болады екен, оны ұшақ көтере алмайды десе, бірі сенеміз деген пікір жазып жатты.

Атын айтуды қаламаған сарапшы заңдастырылмаған 10,5 тонна ақшаны алып жүре алатын, алмайтынын білу үшін ұшақтың үлгісін білу керек дейді. Алайда ұшақ туралы еш дерек жоқ.

– Егер жеке ұшақ болса, кішігірім бизнес джеттердің ондай мүмкіндігі жоқ, сонымен бірге заңдастырылмаған 1,5 млрд долларды бір елден бір елге ұшақпен жеткізу мүмкін емес. Қолма-қол осынша қаражатты алу миға онша қона қоймайды, – дейді ол.

Сатыбалды соңғы рет 2018 жылы қазақстандық Форбс тізіміне ілінген.  Ол жерде байлығы $163 000 000 деп көрсетілген.

Рекомендовать
Последние новости