Кен Әлібек: "Коронавирус биологиялық шабуыл емес"

Dalanews 31 мар. 2020 09:18 779

 Биологиялық қарудан қорғану саласы бойынша дүниежүзі бойынша санаулы мамандардың бірі Кеннет Әлібек ukraina.ru сайтына сұхбат беріп, адамзаттың мазасын алған коронавирус індеті жайындағы ой-пікірін ортаға салыпты.

Dalanews.kz сұхбатты қазақшалап, оқырман назарын аударуды жөн көріп отырымыз.

Сұхбатқа кезек бермес бұрын тегі қазақ, биологиялық қорғаныс саласының жілігін шағып, майын ішкен жерлесіміз жайында аз-кем мәлімет бере кетсек.

Кен Әлібек 1975 жылы Томск медицина университетінің «Инфекциялық аурулар және эпидемиология» мамандығын тәмамдағаннан кейін КСРО Министрлер Кеңесіне тікелей бағынатын «Биопрепарат» Бас басқармасына жұмысқа қабылданады.

Бұл мекеме Кеңес өкіметінде биологиялық қару шығару және одан қорғану мәселесімен айналысқан аса маңызды нысан болғаны белгілі. Ол 1988-1992 жылдары «Биопрепарат» басқармасы басшысының бірінші орынбасары болып жауапты қызмет атқарған жалғыз қазақ.

Ал 1992 жылы Кеңестер Одағы құлағаннан кейін білікті маман АҚШ-қа кетіп, сол жақта ғылыммен айналысып, ғылым докторы дәрежесіне ие болады. Джордж Мейсон университеті жанындағы АҚШ-тың Ұлттық биологиялық қауіпсіздік орталығына жетекшілік жасап,  биік белестерді бағындырды. Америкада ол биологиялық қауіпсіздік саласы бойынша бірнеше кітаптар жазып, ғылыммен шұғылданды.

1994 жылы АҚШ Конгресі даңқты жерлесіміздің ғылымға сіңірген еңбегін елеп-ескеріп, Беркли медалімен марапаттады. 2007 жылы қазақ ғалымы Украинаға келіп, жаңа дәрі шығаратын өндіріс пен клиника ашты. Бұдан кейін Кен Әлібек кіндік қаны тамған Қазақстанға келіп, онкологиялық клиниканы басқарғаны белгілі. Қазіргі таңда білікті маман АҚШ-та ғылыми жұмыстармен айналысады.

  – Доктор Әлібек, бүгінде жер әлемді шарпыған коронавирус жайында конспирологиялық теорияға негізделген әңгімелер желдей есуде.  Кейбіреулер бұл індетті Қытайдың экономикасына қарсы жасалынған шабуыл деп бағалауда. Осындай қауесет әңгіме қаншалықты шындыққа жанасады?

– Өз басым мұндай қауесет әңгімелерге сенбеймін. Иә, соңғы уақыттары коронавирусқа қатысты көптеген болжамдар айтылуда. Тіпті мұны АҚШ-тың Қытайға жасаған диверсиясы, фармакологиялық компаниялардың қолдан жасаған ойыны, Қытай ғалымының Канададан ұрлаған штампы деген әңгімелерді де естідім.

Осыдан кейін індетке қатысты көптеген ғылыми мақалалар оқып, ой қорытындылауыма тура келді.

Маман ретінде айтсам, мұның бәрі ойдан шығарылған дүние деп есептеймін. Өкінішке орай, осындай эпидемия мен пандемия кезінде неше түрлі алыпқашпа әңгімелердің пайда болатыны заңдылық. Сондықтан жұртты мұндай қауесет әңгімелерге сенбеуге шақырамын.

– Олай болса маман ретінде айтыңызшы, бұл коронавирус қайдан шықты?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл індеттің коронавирустың инфекция екенін, ресми түрде Сovid-19 деп аталатынын айтты. Сонымен қатар инфекция SARS-CoV-2 тобына жататын вирус екенін жария етті. Иә, індет жер шарын қамтып, пандемиялық деңгейге жетті. Алғашқыда індет Орталық Қытайдың халық тығыз қоныстанған Ухан қаласында пайда болды.

Осыдан бір ай бұрын америкалық телеарналарға берген сұхбатымда індеттің таралуы екі-үш айдан кейін төмендей бастайтынын айтып едім. Бүгінде сол болжам расталды. Қазір Қытайда індет жұқтырушылардың саны айтарлықтай төмендеді. Бірақ осы індетке шалдыққандардың қайтыс болуы жоғары деңгейде болғанын мойындауымыз керек.

Қазіргі таңда Қытайда коронавирустың таралуы ауыздықталғанымен, Еуропа елдерінде оның таралуы өршіп тұр. Италия, Испания, Франция мен Германиядағы жағдай өте ауыр. Сонымен қатар індетке шалдығушылардың саны Оңтүстік Корея мен Иранда да күрт өскені белгілі. Бұдан басқа індеттің қатты таралу қауіпі посткеңестік елдерде де жоғары екенін айтқым келеді.

– Бүгінде коронавирусқа қатысты дүрбелең барлық саланы қамтыды десек болады. Экономикалық құлдырау, әлемдік ЖІӨ-нің төмендеуі, қор нарығының қиын жағдайда қалуы дүрбелеңнің шоғын үрлей түскенін көріп отырмыз. Көптеген елдер шекараларын жауып, карантин режимін енгізді. Туризм саласы толығымен тұралап, халық жаппай жиналатын шараларға шектеу қойылды. Коронавирус адамзат баласына қаншалықты қауіпті?

– Иә, коронавирус өлімге бастайтын қауіпті тұмау екенін мойындауымыз керек. Бірақ бұл эпидемияның жер шарын қамтығанымен миллиондаған адамның өмірін жалмайды деп айта алмаймын.

Адамдар жаңа бір қауіппен бетпе-бет келгенде сақтық шараларын сақтамай оны өршітіп алатыны белгілі. Осыдай кейін халық арасында дүрбелең туады.

Иә, жағдайдың қиын екенін түсінемін. Бірақ індеттің адамдар арасында демографиялық таралуына назар аударатын болсақ, коронавирустан көз жұмып жатқандардың арасында жастардың саны өте төмен екенін байқауға болады. Ал созылмалы аурудан жапа шегетін қарт адамдар коронавирусқа төтеп бере алмай жатыр.

Өз басым бұл індетті дүниежүзін супердағдарысқа жетелейді деп айтпас едім. Әлемде тұмау асқынған кезде 2-3 мың адам көз жұматыны белгілі. Бірақ біздер сол кезде дүрбелеңге салынбаймыз ғой.

– Сіз ұзақ жылдар бойы түрлі вирусқа қарсы вакцина әзірлеу ісімен айналыстыңыз. Бүгінде коронавирусқа қарсы вакцина жасау қаншалықты қиын?

– Індетке қарсы вакцина жасау қиын емес, меніңше, коронавирусқа қарсы вакцина бар. Бұл жерде басты мәселе – уақыт. Кез келген вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екеніне көз жеткізу үшін оны сынақтан өткізу керек. Мұндай сынақтарды бір айда жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан бізге уақыт керек.

– Сіздің болжамыңызша, коронавирустың қай уақытта беті қайта бастауы мүмкін?

– Меніңше, сәуір айынан бастап індеттің таралуы азая береді. Мамыр мен маусымда коронавирустың айтарлықтай төмендегеніне куә боламыз. Ал жазда бірлі-жарым жағдайлар ғана тіркелуі мүмкін. Бірақ күздің соңғы айларында індет қайтада бас көтеруі ықтимал. Бірақ бұл кезде індеттің бетін қайтаратын дайындық жұмыстары жоғары деңгейге жетіп, оның таралуына жол берілмейді деп сенемін.

– Биологиялық қауіпсіздік маманы ретінде айтыңызшы, эпидемия мен жоспарланған биологиялық шабуылдың аражігін қалай ажыратуға болады?

– Шындығында, бұл сұраққа бір сөзбен жауап беру мүмкін емес. Бірақ мамандар халыққа ұғынықты жауап беруіне болады. Жоспарланған биологиялық шабуыл кезінде індет жұқтырушылардың саны аз ғана уақыттың ішінде жүздеген мың адамды қамтиды. Биологиялық шабуыл кезінде инфекция адамның өкпесін, терісін зақымдап, бубон обасы сияқты кесірін тигізеді.

Бүгінде коронавирусты әлдебір елдің биологиялық шабуылы деп жүргендерге мынаны айтқым келеді. Коронавирусқа шалдыққандар өткен жылдың қараша, желтоқсан айында пайда болды. Сол кезде індет жұқтырғандардың саны өте аз еді. Бұдан кейін өзге адамдарға індет жұға бастағаны белгілі.

– Сіз 2007 жылы Украинада MaxWell деген атаумен қатерлі ісікке шалдыққандарға арнап дәрі-дәрмек шығаруды қолға алған едіңіз. Сол жобаңыз не болады? Бұдан кейін Қазақстанға неге кетіп қалдыңыз?

– Мен қазір АҚШ-та жұмыс істеп жатырмын. Қазақстан мен Украинада қолға алған шаруаларымды АҚШ-та іске асырып жатырмын. Менің білуімше, Бориспол қаласында дәрі-дәрмек шығаруға бағытталған зауыт жұмыс істеп тұр.

Қазақстан Үкіметі арнайы шақырғаннан кейін, жаңа университет құруға атсалыстым. Бес жыл бойы Қазақстанда онкологиялық клиниканы басқарып, алғаш рет онкологиялық ауруларды емдеуге болатынын дәлелдеп көрсеттім. Өкінішке орай, Қазақстан мен Украинада медицина саласында жаңа препараттар мен технологияны әзірлеп шығарудың жылдамдығы төмен болғандықтан, қолға алған жұмыстарды АҚШ-та жалғастыруға тура келді.

Қазіргі таңда АҚШ-та медицина, ауыл шаруашылығы және өндіріс саласына арналған түрлі өнімдер шығаратын биотехнологиялық компанияда қызмет атқарамын.

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости