Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауынан 97 итбалықтың өлексесі анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ақ Жайық" дереккөзінің мәліметінше, 17 сәуір күні жүргізілген мониторинг барысында жағалау бойынан итбалықтардың өлекселері табылған. "Каспий итбалығы" мемлекеттік табиғи резерватының мәліметінше, сол күні сағат 11:00-дегі жағдай бойынша аудан аумағындағы жағалаудан 97 итбалықтың өлексесі тіркелген. Мамандардың айтуынша, оларды батыстан соққан жел жағаға шығарып тастаған.
Оқиға орнына "Каспий итбалығы" резерватының, Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының, жергілікті әкімдіктің, полицияның, экология департаментінің, ветеринарлық бақылау және қадағалау қызметінің, гидробиология және экология институтының, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының, сондай-ақ басқа да тиісті ұйымдардың өкілдері барған.
Енді мамандар арнайы жұмыс тобын құрып, өлекселерден сынама алып, жануарлардың қырылу себептерін алдын ала анықтайды.
Гидробиология және экология институты қызметкерлерінің болжамынша, итбалықтар бір айдан астам уақыт бұрын қырылған. Алайда олардың денелерін Түпқараған жағалауына тек қазір ғана дауылды батыс желі алып келген болуы мүмкін. Қазіргі уақытта жағалауды бақылау жалғасып жатыр.
