Адамның қиялында шек жоқ қой. Біреу көшеден ақша толы чемодан тауып алғысы келсе, енді біреу: «Шіркін, айлығыма бір-екі жүз мың қосылса ғой, бүкіл мәселем шешілер еді» деп армандайды. Бірақ, қызық болғанда, табыс өсуін өскенімен, проблема сол күйі қала береді екен. Егер көбейіп кетпесе. Неге қалта тесіле береді? Оның құпиясын Сирил Паркинсон 1955 жылы ашып қойыпты, деп жазады "Қаржылық сауат" сарапшылары.
Паркинсонның екінші заңы былай дейді: «Шығын табысыңа қарай өсе береді».
Яғни, қанша тапсаң - сонша жұмсайсың. Ақшаң көбейген сайын тәбетің ашылып, «хотелкаларың» да көбейе береді.
200 мың тапқан адам - соған өмір сүреді, 1 миллион тапса - 1 миллионға өмір сүреді. Өйткені адамның табысы өскен сайын оның «қажеттіліктері» де «әкел-әкел» деп қылғытып жұта береді екен.
Ақша мен мидың байланысы
Ақша миға тез сигнал беретін көрінеді. Ақша көбейе ме, сол кезде адамның миы да жаңа «деңгейді» қалап тұрады дейді. Мысалы, бұрын қалта көтеретін қарапайым кофе ішіп жүрсеңіз, енді Starbucks-ке ауысасыз. Бұрын автобуспен жүрген адам бизнес-таксиге отыра бастайды. Бұрын киімді «скидкамен» алсаңыз, енді брендтерді жағалайсыз. Солай кете береді.
Психологияда оны «Гедонистік бейімделу» (Hedonic Adaptation) деп атайды. «Адам жақсыға тез үйренеді» дегеннің ғылыми атауы - осы. Яғни біз жанға жайлы жаңа деңгейге тез үйренеміз де, оны «қалыпты жағдай» көреміз. Соңында табыс 5 есе өссе де, қалта баяғыдай бос қалады.
Өмірден қандай мысал бар?
Статистика өте қатал: лотерея жеңімпаздары мен миллиондаған доллар гонорар алатын жұлдыздардың көбі банкрот болатын көрінеді. Себебі олар өз-өзіне есеп бере алмаған. Табыс табуын табады, бірақ шығынына ие бола алмайды.
Аты аңызға айналған Майк Тайсонның мысалын алайық. Ол өзінің кәсіби мансабында 400-500 миллион доллар таза табыс тапқан. Бірақ 2003 жылы банкрот болып қалады. Неге? Өйткені ақшасын оңды-солды шашты. Тамыр-таныстың бәріне жүз мыңдаған долларға сағат, көлік дегенді сыйлай берді. Үйіне алтын жалатылған ванна орнатып, 3 жолбарыс асыраған (сатып алған). Сондай бірдеңелері бар.
Түк ақша әкелмейтін, тек шығынды көбейтетін нәрсеге ақшаны шаша берген, шаша берген. Қысқасы, Тайсон Паркинсон заңының құрбаны болған ғой.
Паркинсон заңын қалай жеңеміз?
Табыстан өсім бар ма? Кемі жартысын сақта! Яғни, жалақы 100 мың теңгеге өссе, соның 50 мыңын «көрмегендей» болуың керек. Бірден депозитке немесе табыс әкелетін инвестицияға бағыттауға болады. Қалған 50 мыңын керек-жараққа жұмсайсың.
Шығынды да қолмен тежеп үйрену керек екен. Табыс өскен жағдайда да, өмір сүру деңгейін бірден көтермеу керек. Ол кезде өзіңді жоғалтып алуың мүмкін.
«48 сағат» ережесі де бар. Табысы көбейген адам бірден қымбат дүние сатып алуға асығып жатады. Өйткені мүмкіндігім бар деп ойлайды. Сол сезімді ұстау үшін көп ақша жұмсайтын сауданы 48 сағатқа шегеріп қойған дұрыс дейді. Сол уақытта адамның эмоциясы басылады. Тіпті кей жағдайда алғың келген зат керек емес болып қалуы мүмкін.
Адам егер Паркинсон заңына ерік беретін болса, миллиардер болса да ақшасының берекетін көре алмайды дейді. Сондықтан, ақшаға ие болу үшін де белгілі бір тәртіпке бағынуға тура келеді. Сен оны қала-қалама, тәртіпсіз тиын құралмайтынын түсіну керек. Өз-өзіңді тежеу, есеп беру, ойлану, эмоцияны басқару - бәрі керек дүние екен.
Ал, енді айтыңыз, ақша жұмсауға сіз қалайсыз?
