"Каспий апат алдында тұр". Әлемге танымал басылым дабыл қақты

Қаракөз Амантай 14 апр. 2025 10:53 18965

Каспий теңізі бүгінде экологиялық апаттың табалдырығында тұр. Жақында әлемге әйгілі Nature баспасына қарайтын ғылыми басылым — Communications Earth & Environment осы тақырыпқа арналған көлемді зерттеуін жариялап, теңіздің экологиялық және әлеуметтік тағдырына тікелей әсер ететін нақты деректерді ортаға салды. Ғалымдар Каспий теңізінің соңғы жиырма жылдағы ахуалын терең зерделеп, бұл мәселенің тек аймақтық емес, ғаламдық деңгейдегі экологиялық апатқа айналып бара жатқанын ескертеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Зерттеуге сүйенсек, Каспий теңізі кейінгі 20 жылда айтарлықтай тартылған. Ғалымдардың есебі бойынша, 2001 жылдан 2024 жылға дейін Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігі жағалауынан 56 шақырымға дейін шегінген. Бұл тек картадағы өзгеріс қана емес, табиғаттағы тіршілікке, теңіз жағалауында орналасқан қалалар мен елді мекендерге тікелей әсер ететін түбегейлі өзгерістерге алып келуде.

Теңіз деңгейінің төмендеуінің басты себебі – климаттың жаһандық өзгерісі. Жыл сайын жауын-шашын азайып, ауа температурасы көтеріліп келеді. Мұндай климаттық өзгеріс Каспий секілді тұйық теңіздерге ерекше әсер етеді. Су бетінің тез булануы мен өзендерден құйылатын судың азаюы – теңіздің басты проблемасы.

Зерттеу нәтижесі теңіз суының 5-10 метрге төмендеуі Каспий экожүйесінің күрделі бұзылуына алып келетінін көрсеткен. Мысалы, солтүстік Каспийде мекен ететін итбалықтар үшін маңызды тіршілік ортасы, құстардың миграция жолдары, сондай-ақ бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлері біртіндеп жойылып жатыр. Мұндай жағдай теңіз экологиясына ғана емес, сол маңдағы халықтың экономикалық және әлеуметтік жағдайына да қауіп төндіреді.

Теңіз деңгейінің төмендеуі қорықтар мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға да тікелей әсер етеді. Бүгінде Каспий теңізі аумағында экологиялық маңызы бар 15 арнайы қорғалатын аумақ анықталған. Ғалымдардың болжамы бойынша, егер теңіз деңгейі тағы 5 метрге төмендесе, қазір қорғалатын аумақтардың тең жартысы құрғап, экологиялық маңызын жоғалтады. Бұның соңы биоәртүрліліктің күрт азаюына алып келуі мүмкін.

Ғылыми зерттеуде теңіз деңгейінің төмендеуі Каспий маңындағы елдердегі маңызды инфрақұрылымдарға – порттарға, мұнай-газ өндірісі кешендеріне және кеме қатынастарына тікелей әсер ететіні анық айтылған. Атап айтсақ, Ақтау порты, Баку және Түрікменбашы секілді маңызды логистикалық орталықтар жағалаудан бірнеше шақырымға алшақтап, қазіргі орнынан басқа жерлерге көшірілуі тиіс болуы мүмкін. Теңіз деңгейі тағы төмендейтін болса, Каспийдің солтүстік бөлігі, әсіресе Қазақстанның Атырау және Маңғыстау өңірлері теңізден жүздеген шақырымға дейін алыстап кетуі мүмкін. Мұның соңы теңіз арқылы жүргізілетін сауда, мұнай-газ өндіру жұмыстарын түбегейлі қайта жоспарлауға мәжбүр етеді.

Зерттеу авторлары табиғатты қорғау тәсілдерін қайта қарауды ұсынады. Қазір қорықтар мен табиғи аумақтардың шекарасы нақты бекітілген болса, енді ол динамикалық, яғни судың деңгейіне қарай өзгеріп отыратын, мобильді болуы тиіс дейді ғалымдар. Өйткені теңіз деңгейінің өзгеруі тұрақты құбылысқа айналып барады, ал оны тоқтату өте қиын.

Каспий маңындағы экожүйенің өзгеруінің әлеуметтік салдары да назардан тыс қалмауы тиіс. Кәсіптік балық аулаумен күн көріп отырған солтүстік Каспийдегі елді мекендердің тіршілігі тоқырап қалуы ықтимал. Себебі теңіз деңгейі төмендеген сайын балық шаруашылығына жарамды аумақтар да тарылып, балықшылар кәсібінен айырылып қалуы әбден мүмкін.

Авторлар мәселенің шешімін кешенді түрде қарастыруды ұсынады. Бұған дейінгі қоршаған ортаны қорғауға арналған аймақтардың тұрақты шекарасын қайта қарап, су деңгейінің өзгерісіне тез бейімделетін жаңа жүйе қалыптастыру қажет дейді. Бұл үшін бес мемлекет – Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан және Иран арасында тиімді трансшекаралық әріптестік пен тұрақты диалог орнатылуы керек.

Сарапшылар бұл мәселеге әлемдік қауымдастықтың да ерекше назар аударуын сұрайды. Себебі Каспий теңізіндегі экологиялық апат тек осы өңірдің ғана емес, тұтас Еуразия құрлығының климаты мен экожүйесіне әсер ететін ғаламдық маңыздағы проблемаға айналып келеді. Егер бұл мәселе қазірден қолға алынбаса, оның салдары әлдеқайда ауыр болуы ықтимал.

Осы зерттеу материалын дайындаған Communications Earth & Environment журналы бұл мәселеге әлем елдерінің үкіметтері мен халықаралық экологиялық ұйымдардың назарын аудару мақсатында ғылыми негізделген нақты деректер ұсынды. Ал Каспий маңындағы мемлекеттерге осы деректерге сүйене отырып, болашаққа бағдарланған экологиялық стратегия әзірлеу ұсынылып отыр. Себебі табиғи апаттар мен экологиялық мәселелердің алдын алудың бірден-бір жолы – уақытылы әрі жүйелі әрекет ету.


Рекомендовать
Последние новости