Алматыда мердігер компаниялар жаппай лицензиясынан айырылуда

Көркем Алдабергенова 30 окт. 2025 13:23

Алматыда құрылыс компанияларына қатысты кең ауқымды тексеріс басталды,бірнеше мердігер мекеме өрескел заңбұзушылықтар үшін лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бірнеше компанияның лицензиясы тоқтатылды

Атап айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы көшесіндегі кәріз жүйесін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізген AsiaMax ЖШС құрылыс лицензиясынан айырылды.

Сондай-ақ «СК 7 строй» ЖШС де лицензиясыз қалды. Бұл мердігер бір уақытта бірнеше нысанда жұмыс істеп келген: №112 мектеп ғимаратына қосымша құрылыс жүргізіп, Әуезов ауданындағы бірқатар нысандарды абаттандырумен айналысқан.

«Барлық нысан бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде жобалық шешімдерден ауытқу және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарын сақтамау фактілері анықталды», - делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, №174 мектеп-гимназия ғимаратына қосымша құрылыс жүргізу нысанында да жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, жобадан ауытқулар мен нормативтік талаптардың бұзылуы тіркелді. Бұл жұмысты «Құрылысшы – ТБС» ЖШС орындаған.

«Аталған мердігерге қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, құрылыс лицензиясының бір тармағынан айыру туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады басқарма өкілдері.

Даудан кейін басталған тексерулер

Қалалық қала құрылысы бақылау басқармасының мәліметінше, Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылыс нысандарына қатысты тексерулер күшейтілген. Басқарма өкілдері анықталған әрбір заңбұзушылық бойынша тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.


Рекомендовать
Последние новости