Елімізде жер қатынастары саласында айтарлықтай оң өзгерістер байқалып келеді. Қонаев қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі Dalanews.kz агенттігіне берген ресми жауабында бұл бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Мекеме мәліметінше, бүгінде басты мақсат: жер ресурстарын тиімді пайдалану, цифрландыруды күшейту және пайдаланылмай жатқан учаскелерді мемлекет меншігіне қайтару.
Бөлімнің хабарлауынша, жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтер толық цифрлық форматқа көшіріліп жатыр.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осыған сәйкес жер учаскесіне құқық беру процесі енді "Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының автоматтандырылған жұмыс орны" (АРМ ЕГКН) жүйесі арқылы жүзеге асырылады", – делінген мекеме хабарламасында.
Бұл жүйе азаматтарға қызмет алу кезінде ыңғайлы жағдай жасап қана қоймай, ашықтық пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Пайдаланылмай жатқан жерлер мемлекетке қайтарылуда
Ведомствоның мәліметінше, соңғы уақытта жерді пайдалануға қойылатын талаптар күшейтіліп, цифрлық арналар арқылы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу жеңілдеген. Сонымен қатар жерді жалға алу саласындағы теріс пайдаланушылықтың алдын алу мақсатында нақты шаралар қабылданған.
"Пайдаланылмай жатқан жайылым жерлер бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде 440 гектар жер сот арқылы, ал 450 гектар жер өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұдан бөлек, 6955 гектар жер учаскелері бойынша салық мөлшерін 20 есеге ұлғайту туралы ұсыныс Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды", – дейді мамандар.
Сондай-ақ коммерциялық мақсатта пайдаланылмай жатқан 40,4 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, тағы 400 гектар жерді мемлекет қорына қайтару бойынша сотқа талап арыз жолданған.
"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қонаев қаласында пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр", – деп нақтылады бөлім өкілдері.
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану – басты назарда
Мекеменің хабарлауынша, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тиімді пайдалануын қамтамасыз ету үшін де заңнамаға бірқатар маңызды өзгерістер енгізілген.
"Жер кодексінің 33-бабына енгізілген түзетулерге сәйкес шаруалар уақытша жер пайдалану құқығымен алған учаскелерін бес жыл ішінде иеліктен шығара алады. Бұл норма жердің ұтымды пайдаланылуына және сапасын жақсартуға мүмкіндік береді", – делінген жауапта.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығына арналған жерлерді шетел азаматтарына және жеке меншікке беруге жарияланған мораторий әлі де күшінде. Бұл қадам жер пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Цифрлық кадастр – жер есебін жүргізудің жаңа кезеңі
Қазір жер кадастрының электрондық деректер қоры енгізіліп, жұмыстар жүйелене түскен.
"Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік деректер қорының цифрлануы пайдаланылмай жатқан жерлердің орналасуын нақты көруге және мәліметтерді жылдам жинақтауға мүмкіндік берді", – деп мәлімдеді бөлім өкілдері.
Мекеменің айтуынша, алдағы уақытта енгізілетін жаңа реформалар мен бастамалар жерді нысаналы мақсатына сай және заң талаптарын сақтай отырып тиімді пайдалану міндетін көздейді.
Қонаев қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі атап өткендей, бұл бастамалардың барлығы ел Президентінің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатыр және жерді тиімді игеру мен ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыруды мақсат етеді.
