Кәсіптің көзін тапқан үші жігіттің ісі көпке үлгі

Dalanews ақпарат 04 мар. 2024 17:39 2208

Қолымызда – «Shosa» ЖШС шы­ғарған жиһаз тіреу өнімі. Бір қарағанда, қарапайым көрінген осы бұйым Қазақстан асып, Ресейдің көптеген қаласына тарайды. Әуелде бұған сенбегеніміз рас. Бара көрмекке бекіндік. Қала сыртына жақын өндіріс алаңында орналасқан цех жұмысымен танысқанымызда, алғашқы күмәнді ойдан арылдық.

Жоба үш жігіттің жетекшілігімен басталған. Олар – Алмат Шайманов, Сәкен Айқұмбаев, Саян Сәдуақасов. Кәсіпкер жігіттер бизнес бастау, оны іске қосу, соның ішінде өз елімізден шықпайтын тауарды ойластырғанда, алдымен осы өнім ойға оралған. Нәтижесі жаман емес.

Арнайы бизнес-жоспар дайындап, мемлекеттік бағдарлама арқылы 150 млн теңге несие алыпты. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 6 пайыз жеңілдікпен берілген мұндай қаржыға Қытай елінен үш түрлі заманауи станок алдырған.

Сонымен қатар ол жақтан арнайы мамандар келіп, жаңа технологиямен автоматтандырылған құрылғыны оқыту һәм игеру курстарын да үйреткен.

Бізге цехтың ішкі жұмысын Саян таныстырып жүрді. Айтуынша, идея 2022 жылы пайда болған. Бастаудың сәті былтыр түсіпті.

– Бұл – корпустық жиһаздың тіреуі, яғни қазақшалап айтсақ, «аяғы», – деді қолындағы пластик өнімді көрсеткен Сәкен. – Құрастырмалы зат. Әр үйдің асханасында немесе өзге бөлмеде тұратын шкафтардың астына орнатылады. Еденнің тегістігіне қарай тіреуді арнайы кілтпен реттеп, осы арқылы жиһазды қалыпты әрі түзу тұрғызуға болады.

Бұрын бұл өнім Германия, Польша, Италия сияқты сырт мемлекеттерден Ресей арқылы келді. Өзімізде бұрын-соңды шықпаған. Қазір өзіңізге белгілі, саяси жағдайларға байланысты көршімізге санкция салынды. Сондықтан еліміздің барлық өңірі бізге тапсырыс береді. Ресейдің 7-8 қаласына, яғни Екатеринбург, Омбы, Түмен, Новосібір, Мәскеу қалаларына жол шығынын өзіміз көтере отырып жібереміз. Өнімнің сапасы немістер дайындаған дәл осындай жиһаз «аяғының» сапасымен бірдей, – дейді.

Оның айтуынша, жиһаз астына бекітілетін осы тіреудің салмақ көтеру мүмкіндігі де арнайы тексерістен өтеді. Мысалы, шетелден келетін осы зат 300 келіге дейін салмақты көтерсе, отандық өнім 500 келіге дейінгі (шкаф пен оның ішіндегі затты қоса есептегенде) салмаққа төтеп береді. Сондай-ақ бағада да үлкен айырмашылық бар. Бұрын елден шықпайтын бұл тіреуіштердің әрбір данасы 250-300 теңгеден сатылса, мұнда бар-жоғы 100 теңге ғана.

Қазір цехта 10 адам жұмыс істейді. Бір күнде жеті-жеті жарым мың дана жиһаз «аяғын» шығаратын цехтың бір айлық мүмкіндігі бұдан да көп. Мысалы, кейінгі уақытта орта есеппен ай сайын 60-70 мың жиһаздың тіреуіш-аяғы көтерме бағамен сатылған.

– Бұл – жиһаздың бір бөлшегі. Ал жиһаз түзу әрі орнықты тұру үшін астындағы тіреуіштің маңызы ерекше. Әдепкіде тапсырыс берушілер отандық өнімге сенімсіздікпен қарағаны рас. Қазір ондай күдік жоқ. Шыны керек, асхана мен бөлме жиһаздарын тапсырыспен істейтін жекелеген шағын немесе орта деңгейдегі барлық цех біздің тіреуішті пайдаланады. Ал жиһаз фаб­рикалары мен оны сатумен айналысатын компаниялар одан да көп тапсырыс беріп жатады. Дұрысы, үлкен компаниялар бірден көтерме бағамен алып, есік-терезе мен шкафтарға қажетті қосымша (тұтқа, топса деген секілді) бұйымдарды сататын шағын дүкендерге өз бағасымен таратып отырады, – дейді Саян.

Өндіріс орнына келетін шикізат та елімізде шығады. Үш жыл бұрын Атырау қаласында ашылған, мұнай қалдықтарын қайта өңдеп, пластик бұйымдарға қажетті жиырмадан астам қажетті затты шығаратын «KPI» компаниясымен келісімшартқа отырған цех иелері қалдықсыз бизнесті іске асырып отыр. Мысалы, мұнай өнімдерінен қалған шикізатқалдықтан  (полипропилен деп аталады) жиһаз бөлшегін шығарып, одан ауысқан қалдықты қайта өңдеп, арнайы полиэтилен қаптама дайындайтын өндіріске сатады.

Бір жақсысы, аталған цехқа Астана қаласындағы кәсіптік-техникалық колледж студенттері жиі келіп тұрады. Тіпті арнайы оқу-тәжірибеден өткендері де бар. Ал бұл жобаның техникалық мамандыққа қызыққан жастардың келешек бизнес бастауына шабыт беретіні анық. Кәсіпкер Саян өзінен кейінгі буынның қол қусырып бос жүруіне алаңдаушылықпен қарайды. Қандай да бір мемлекеттік органдар тарапынан қолдау болса, кәсіпті кейінгі жастарға үйретуге де уақыт бөлер едік дейді. Айтпақшы, серіктестік жақында тағы бірнеше жобаны іске асырмақшы. Бірақ басты кедергі – қаржылық қолбайлау.

– Әрине, мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес. Әңгімемнің басында айтқандай, біз үш жігіт болып бастаған жұмысымыз ақы­рындап дөңгеленіп келеді. Үшеуміздің өзіміз бөліп алған функциямыз бар. Мысалы, мен цех жұмысымен, өнім дайындаумен айналыссам, Сәкен өңірлер мен Ресейге өнімді сату жұмыстарына жауап береді. Ал Алмат цехтың жарнамасын жүргізіп, өнімге тапсырысты көбейту үшін жұмыс жүргізеді. Айта кетейін, біз бүгінде инвестор іздеп жатырмыз. Өйткені цехты үлкейтіп, одан ары дамыту жоспары алдымызда тұр. Ұсынған жобаларға қызығушылық танытар инвестор болса, Қазақстанда көп табыла бермейтін өнімдерді бірлесе шығаруға әзірміз. Отандық кәсіпке ұдайы көмек берілсе, сыртқы импортқа тәуелді болмай, ішкі қажеттіліктің барлығын өзімізден шығарып, бизнеске басымдық беретін жігіттер бізде көп-ақ, – дейді кәсіпкер.

Расымен, іс көзін тапсаң, қазір өзіңе де, елге де жұмыс тауып беріп, жағдай жасауға әбден болады. Ал тауар сапасына баса мән беретін цехтың өнімі елге елеусіздеу көрінсе де өңір экономикасына серпін беріп, өтімділігі жағынан да алдыңғы орыннан көрініп отырғаны рас. Бас қаланың өзінен шығып жатқан өндіріс орнының аймақ қазынасын арттырудағы алар орны ерекше деп білеміз.

Егемен Қазақстан газеті


Рекомендовать
Последние новости