"Әдемі деректер басшылыққа көрсетуге жақсы". Экс-министр ауыл шаруашылығындағы көзбояушылықты сынады

Сағыныш Сардарова 04 мар. 2024 11:11 1569

Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков "Қасқа жол" бағдарламасында елде ет шаруашылығына байланысты қандай қиындықтар бар екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экс-шенеунік әріптестері қағаз күйінде бәрін жақсы етіп көрсетуге құмар екенін жеткізді.

"Статистика деректеріне сүйенсек, мал басы керемет өсіп жатыр. Ол дерек деген қағазда ғана, шын мәніндегі нәрсе, біз білетін жағдай: фермерлердің жағдайы нашарлап жатыр. Олар малдың санын өсірмек түгілі, азайтуға әрекет жасап жатыр.

Шын мәніндегі жағдайды ешкім білмейді, білгісі де келмейді. Қағаздағы әдемі деректер үлкен басшылыққа апарып көрсетуге жақсы. Ешкім жаман деректерді апарғысы келмейді.

Жақсы деректерді түзеулеп, "бәрі өсіп жатыр, бәрі керемет" деп жақсы көрініс көріп отырмыз", - дейді ол.

Сонымен қатар, Мамытбеков Ресей мен Беларусьтен келетін етке қатысты пікір білдірді.

"Қызыл еттің импорты өте шамалы, 10-15 мың тоннаның ар жақ-бер жағы. Оның өзі көбіне консервіге, шұжықтарға кетіп отыратын еттер.

Ресейден, Беларусьтен әкеліп жатырмыз. Оған көбіне өзіміз кінәліміз.

Бұрын Аргентинадан, Аустралиядан кәсіпкерлер стейкке ет алатын. Мейрамхана ұстайтын кәсіпкерлер. Біздің сала дамығаннан кейін импорттың орнын қазақстандық өнімдер басып алды", - деді ол.

Экс-шенеуніктің сөзінше, кезінде ұшақпен шетелден асыл тұқымды мал әкелді деген ақпарат - қате.

"Мен де, министрлік те шетелден ешқандай сиыр әкелген жоқпыз. Оны әкелген - жеке кәсіпкерлер. Көбіне сиыр әкелінді. Аналық бас төлдер әкелінді", - деді Мамытбеков.


Рекомендовать
Последние новости