Төтенше жағдай саласындағы мамандығымды мақтан етемін – Сайлаубек Қажымұратов

Қуаныш Ермекова 16 февр. 2024 21:46 1498

Төтенше жағдай әр ел үшін айтып келмейтін апат екені анық. Дегенмен бұл саладағы қызметкерлердің еңбегі ерен. Олар күн сайын әртүрлі жағдайға тап болады. Алайда олар тез арада шешім қабылдау, осылайша, адам өмірін құтқару, төтенше жағдайдың алдын алу, оның өршіп кетуіне жол бермеу секілді маңызды жұмыстарды бірінші орынға қояды. Сондықтан да төтенше жағдай қызметкерінің бойында батылдық пен батырлық, жауаптылық болуы шарт. Бұл қасиеттер кез келген төтенше жағдай қызметкерінің өмірлік ұстанымына айналған десек те артық болмас.

Төтенше жағдай қызметкерінің әрбір күні айналасындағы азаматтарды сақтандыру, оқыс жағдайлардың алдын алу, дер кезінде көмекке ұмтылумен өтеді. Соның ішінде құтқару жұмыстарын ерекше атап өтуге болады. Осы орайда Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жақсы ауданы Жақсы кентінің №13 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушысы Сайлаубек Қажымұратовпен сұхбаттасып, бұл мамандыққа қалай келгенін, қызметтің қиындығы қандай екенін сұрадық.

Биыл 9 ақпанға қараған түні Ақмола облысы Терсақан ауылының әкімі Жақсы ауданына қарасты құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған еді. Өйткені 11 жастағы баланы тез арада ауруханаға апару қажет болды. Ал 7 ақпаннан бастап 9 ақпанға дейін республикалық және де облыстық маңызы бар бірнеше тасжолдардың аумақтары жабылып қалған болатын. Соған орай көлік құралдарының қозғалысына шектеу де енгізілді. Ал Ақмола облысы Төтенше жағдай департаментіне қарасты Жақсы ауданының құтқарушылары түн ішінде «Орал» көлігімен 120 шақырымға жуық жолды еңсеріп, шұғыл ота қажет баланы аудандық ауруханаға аман-есен жеткізген еді. Бұл құтқарушылардың қатарында Сайлаубек Қажымұратов та бар. Ол азаматтарға қыстың суығында, қолайсыз әрі суық ауа райында ауыр да алыс жолдарға шықпауға кеңес беріп, төтенше жағдайлардың үнемі алдын алып жүретін құтқарушылардың қатарында.

Айта кетейік, Сайлаубек Қажымұратов биыл ақпанда жолда қалып қойған Өзбекстан азаматтарын құтқаруға жұмыстарына да қатысқан болатын. Жолда 64 жолаушы қалған, оның ішінде он жетісі бала болған. Оқиға орнына дереу жеткен Сайлаубек Қажымұратов әріптесі Аяз Мақашевпен бірге жолда қалғандарды жылыту пунктіне дейін аман-есен жеткізген.

 

– Сайлаубек, өзіңіз туралы азды-кем ақпарат бере аласыз ба?

–  1990 жылы Ақмола облысы Жақсы ауданы Қима ауылында дүниеге келдім. Отбасында тоғыз ағайындымыз, мен кенжесімін. Үйленгенмін, бүгінде өзім де төрт ұлдың әкесімін. Ал негізгі мамандығым – заңгер. Көкшетау қаласындағы Абай Мырзахметов атындағы заң университетін 2022 жылы тәмамдадым.

– Ал төтенше жағдайлар қызметіне қалай келдіңіз? Бұрыннан жоспарыңыз, бала кезден арманыңыз болды ма?

– Төтенше жағдайлар қызметіне алғашында келемін деп ойламадым. Басында Қорғаныс министрлігіне келісімшарт бойынша қызметке тұрамын деп шешім қабылдағанмын. Бірақ ол кезде жасым отызға таяп қалған соң мені қабылдамады. Бір жылдай жүріп қалдым. Әртүрлі жерде жұмыс істедім.

Кейін таныстарымнан естіп, төтенше жағдайлар қызметіне қабылдау болып жатқанын білдім. Сондықтан отбасыммен ақылдасып, шешім қабылдадым. 2020 жылы қажет құжаттарды жинап, медициналық комиссиядан өттім. Дене шынықтыру бойынша қажет нормативтерді тапсырып, осы қызметке жарамды деп есептеліп, Төтенше жағдайлар департаментінің бұйрығымен алдымен Бурабай ауданы Зеленый Бор кентінің №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызметімді бастадым.

Кейін 2021 жылғы мамыр айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Жақсы ауданы Жақсы кентінің №13 өрт сөндіру бөлімінде өртсөндіруші-құтқарушы қызметінде жұмыс істеп келемін. Шыны керек, осы мамандықты армандадым деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бірақ осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өз мамандығымды, қызметімді мақтан етемін деп айта аламын.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу дегенді қалай түсінуге болады? Осы саладағы маман ретінде не айтасыз?

– Төтенше жағдайдың алдын алу дегеніміз – алдын ала іске асырылатын әрі кез келген төтенше жағдайлардың болу қаупін мейлінше төмендетуге, сондай-ақ, халықтың, азаматтардың денінің саулығын, басының амандығын сақтауға, одан бөлек қандай да бір материалдық шығындардың мөлшерін азайтуға бағытталатын жұмыстар.

– Түсінікті, ал сіздерге төтенше жағдай бойынша шақырту түскенде ең бірінші қандай ой келеді? Қорқыныш бола ма?

– Төтенше жағдай кезінде шақырту түскенде ең бірінші ойға келетіні, әрине, ол – адам өмірінің қауіпсіздігі. Өртсөндірушілердің ең бірінші мақсаты мен міндеті де сол – адам өмірін сақтап қалу.

– Қандай ірі апаттарға, оқиғаларға қатыстыңыз? Атап айта аласыз ба?

– Мен бұл салада үш жылдан аса уақыт қызмет атқарып келемін. Шыны керек, ірі оқиғаларға әлі қатыспадым. Бірақ ондай ірі төтенше жағдайлар елімізде болмаса екен деймін. Мәселен, көрші бауырлас Түркия мемлекетінде болған оқиға жантүршігерлік жайт қой, қаншама адамның өмірін алып кетті. Сондықтан ондай оқиғалар бізде елде болмасын. Әлі өзімді жас маманмын десем де болады.

– Төтенше жағдайлар кезінде азаматтар не істеуі керек? Маңызды кеңестер бере аласыз ба?

– Төтенше жағдай кезінде азаматтар міндетті түрде сабыр сақтауы керек. Өрт болған кезде тез арада 101 нөміріне хабарласып, болған оқиғаны баяндауы қажет. Ал қауіпті жағдайлар болып жатса, нысанның ішіндегі мүлікті құтқарамын деп оған уақыт немесе күш жұмсаудың қажеті жоқ.

Ең бастысы кез келген тәсіл арқылы өздерін және жақын адамдарын құтқаруға тырысып, төтенше жағдай болып жатқан жерден тез арада шығуға тырысу қажет.

Ал қатты аязда, боранда ең алдымен ауа райы болжамдарына мән беруі қажет. Сонымен қатар, ұялы телефондарға келетін 112-нің арнайы хабарламаларына назар аударған жөн. Алыс жолға шығып жатса, көлікті тексерген жөн. Керек жабдықтарды салып, алдын ала жолға дайындық жүргізуі керек. Оған қоса жылы киім, жанармайды барынша құйып алған жөн. Ауа райы бұзылған жағдайда алыс жолға балалармен шықпағандары дұрыс болады.

– Бұл мамандықты таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма? Балаларыңыз осы саланы таңдаймын десе, қарсы болмайсыз ба?

– Мен үшін өртсөндіруші болу – үлкен мақтаныш. Отбасым да менімен мақтанады деп ойлаймын. Ұлдарым да өсіп келеді. Соларға үлгілі әке болғым келеді. Болашақта ұлдарымның бірі осы мамандықты таңдаса, мен қарсы болмас едім.

Бұл салада жүргеннен кейін қорқыныш болмайды емес, болады. Қорқыныш болуы керек. Қорықпайтын адам болмайды. Жанып жатқан бөлмеге кіргенде кез келген оқиғаға дайын болуың керек. Сондықтан қорқыныш сезімі әр адаммен бірге жүреді. Алайда біз құтқарушы болғаннан кейін, қорқынышымызды жеңе білгеннен кейін осы салада жұмыс істеп келе жатырмыз.

– Дегенмен бұл жұмысты тастап, басқа салаға кетемін деген ойлар болмады ма?

– Шыны керек, бұл саладан кетемін деген ойлар болмады емес, болды. Оған себеп өте көп. Кейін уақыт келе мұндай ойлардан арылдым. Мен өз ісімнің маманымын, мен құтқарушымын, маған өз ісім ұнайды. Сол себепті бұл мамандықтан ешқайда кетпеймін.

– Төтенше жағдайлар қызметкері қандай болуы керек? Мінез, қасиет, қабілет жағынан өзін қалай шыңдауы қажет?

– Бұл саладағы қызметкерлердің бойында мына қасиеттер болуы тиіс деп ойлаймын. Біріншіден, күшті жүйке жүйесі болуы қажет. Ептілік, физикалық күш болуы керек. Адамдарға көмектесуге деген ұмтылыс болуы қажет. Батылдық, жақсы реакция болуы қажет және көмектесе білуі керек. Ақылдылық, тәртіп және жауапкершілікті өз мойнына ала білуі де маңызды. Басқа да осындай қасиеттер болуы керек деп ойлаймын және өз ісін, жұмысын жақсы көруі керек. Сонда ғана өз ісінің шебері, мықты маманы болады.


Рекомендовать
Последние новости