Мемлекеттің 410 миллион теңгесі бір мектептің бухгалтерінің қалтасына кеткен

Сағыныш Сардарова 23 февр. 2024 16:38 4484

Ақтөбе қаласының №55 мектеп гимназиясының бас бухгалтері сотталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ақтөбе қаласының № 2 соты Ақтөбе қаласының №55 мектеп-гимназиясының бас бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Алдын алу шаралары шеңберінде сот процесі ашық режимде жүргізілді.

Сот процесіне онлайн режимде білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері, оның ішінде Ақтөбе облысының 403 қалалық және аудандық мектептің директорлары, бухгалтерлері, педагогикалық құрамы қосылды.

"Ақтөбе қалалық мектебінің бас бухгалтері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды. Ол 8 жыл бойы өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған, нәтижесінде мемлекетке 413,8 миллион теңге сомасында залал келтірілді", - деп жазылған Антикор мәліметінде.

Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 миллион теңгеден аса қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30 пайызы болады.

Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ, 10 жыл мерзімге жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Рекомендовать
Последние новости