Кәрім Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген заттар аукционда сатылды

Көркем Алдабергенова 16 сент. 2025 13:25

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің Астанадағы зәулім үйінен тәркіленген бірнеше бұйым аукционда саудаланды. Бұл туралы Электронды сауда алаңының деректерінде көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сауда 16 қыркүйекте өтті. Барлығы бес лот сатылды.

Ең қымбат лот - «Elizabeth II» сериясындағы, номиналы 200 доллар, кенгуру бейнеленген алтын монета. Лот үшін төрт қатысушы бәсекелесіп, бастапқы 3,2 млн теңгелік баға 4,3 млн теңгеге дейін өсті.

Ең арзан лот зергерлік бұйымдар жиынтығы болды. Ол бастапқы бағасы 22 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеріліп сатылды. Бұл бұйымға екі сатып алушы таласты.

Сонымен қатар сатылғандар:

  • түрлі түсті эмаль және сүйек әшекейлерімен қапталған қылыш – 385 мың теңгеге;
  • екі кавказдық қанжар – 438 мың теңгеге;
  • сары металдан жасалған қынға салынған пышақ – 155 мың теңгеге.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы бұл заттардың нақты кімнен алынғанын ашып айтпады. Алайда олардың барлығы Кәрім Мәсімовке тиесілі зәулім үйден тәркіленген мүлік тізіміне кіреді.


Рекомендовать
Последние новости