Елордада ағымдағы жылдың басынан бері тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды алып кіруге талпынған 9 жағдайдың жолы кесілді. Оның ішінде 6 ұялы телефон мен 3 есірткі заты тәркіленген,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Солардың бірі – қоғамдық қорғаушы мәртебесіне ие ер адамның әрекеті. Ол қамауда отырған жұбайына ұялы телефон бермек болған. Алайда мекеме қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алып, заңсыз әрекетті дер кезінде тоқтатты. Нәтижесінде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қорғаушы мәртебесінен айырылды.
Прокуратураның мәліметінше, мұндай әрекеттер үшін заңда қатаң жауаптылық қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабына сәйкес, құқық бұзушыларға 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда – 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.
Ал егер тыйым салынған зат есірткі болса, Қылмыстық кодекстің 297-бабы қолданылады. Ол үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды заңды қатаң сақтауға шақырып, тергеу изоляторына тыйым салынған заттарды алып кірудің жол берілмейтінін ескертті.