Жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келеді. Ал сүйікті жұмысыңды істеу, ләззат алумен бірдей

Dalanews 06 июн. 2023 10:15 4378

Бүгінгі кейіпкеріміз Салтанат Шымкентбайқызы кішкентайынан дәрігер болуды армандаған. Мектепті алтын медальмен бітірген бойжеткен алтын қолды дәрігер болатынына сенімді болыпты.

Шешеге қарап, қыз өсер дегендей, анасы дәрігер болған екен. Арманы 1986 жылы орындалған. Сол жылы жай ғана ақ халатты жан болса, қазір абзал жан. Абзал болып, аялы алақаныңмен адамдарды емдеп, алғыс алу – әр дәрігердің арманы. Бұл арманы да орындалған. Өйткені қалың халықты емдеп жүргеніне қырық жылға жуықтапты.

Емхана мен ауруханаларда медбике, сосын дәрігер болып, талай жыл қызмет атқарған. «Біздің Қазақстанда жедел жәрдемдесу, сонсоң науқасты емдеу, емдеп қана қоя салмай, ары қарай оңалту жағы жақсы жолға қойылғанын мақтанышпен айта аламын», - дейді ол.

Әлбетте ұзақ жыл тәжірибе жинаған маманның қазақ халқының жасын ұзарту үшін тамшыдай болсын үлес қосып келе жатқаны сөзсіз. «Халық той-томалақта тілек айтқанда, ақсақалдарымыз бата бергенде, денсаулық тілеп жатады. Сол денсаулықтың жақсы болуына іс жүзінде үлесімді қосып, елден алғыс алып жату – мен үшін үлкен қуаныш дейді дәрігер ханым.

Соңғы бес жылға жуық уақытта ҚР Президенті іс Басқармасы Медициналық Орталығына қарасты «Almaty Resort» шипажайында директордың емдеу-оңалту жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.


«Жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келеді. Ал сүйікті жұмысыңды істеу, ләззат алумен бірдей. Жұмыста ғана емес, үш немеремді де иіскеп, еркелетіп, ләззат аламын» дейді Салтанат Бейсембаева.



Өзі спортты жақсы көреді екен. Бос уақытымда кітап оқимын және шахмат ойнаймын дейді.

Салтанат ханымның айтуынша, адамдар 85-тен асып, 100 жасау үшін өзіне қарау керек.

«Қарау дегеніміз, тек өзіңді күтіп қана қоймай, дер кезінде скринингтен өтіп, профилактикалық ем-дом қабылдап отырған жөн. Ол үшін біздің шипажайға келіп, мені іздеп тауып алыңыздар. Есігім әрқашан айқара ашық.

Біз ауруханада емделіп шыққан соң, жазылып кеттік деп ойлаймыз. Шын мәнінде аурудан толық айыққан жоқсыз, міндетті түрде шипажайға барып, ағзаға күш жинаған абзал.


Яки иммнуитет қалыптастыру керек. Әйтпесе белгілі бір уақыттан кейін әлгі ауруыңыз қайта қоза бастайды. Алдыңғы айтқаныма қосымша айтайын, ауырып емделгенше, ауырмайтын жол ізде деген ғой, атам қазақ. Демек алдын ала қаралып, дәрігерлерге диагноз қойдырып, ауру асқынбай тұрғанда басып тастау қажет. Ұзақ жылғы қызметімнен түйгенім осы!» деп әңгімесін аяқтады.

 

 

Рекомендовать
Последние новости