Жұмада базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылданады. Halyk Finance өз болжамымен бөлісті

Кәмшат Тілеухан 08 апр. 2025 15:19 497

11 сәуірде Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша өзінің кезекті шешімін жариялауы тиіс. Ал бұл көрсеткіш наурыз айының басында ғана бірден 125 базалық пунктке, яғни 16,50%-ға дейін көтерілген еді. Ұлттық Банк бұл жолы базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады ма, әлде оны төмендетуі немесе жоғарлатуы мүмкін бе? Бұған қатысты өз болжамымен Halyk Finance бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Наурызда қабылданған мөлшерлеменің күрт өсімі біз және нарықтың басқа кәсіби қатысушылары үшін күтпеген жағдай болды, өйткені мұндай жайт, біздің ойымызша, ақша-несие саясатының болжамдарына теріс әсер етеді. Наурыз айында Ұлттық Банк инфляция бойынша болжамдарды да қайта қарап, 2025-2026 жылдарға арналған нысаналы бағдарлар бойынша болжамды көрсеткіштерді өсірді. Біз бұған дейін 2026 жылы өсуі жоспарланып отырған ҚҚС мөлшерлемесін негізсіз есепке алуда 2025 жылға арналған бұл цифрлар асыра бағалануы мүмкін екенін айтқанбыз. Сондықтан алдағы отырыста Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің ағымдағы деңгейін сақтап қалуы мүмкін деп санаймыз және ол жыл соңына дейін сақталатын сияқты", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Санжар Қалдаров.

Оның айтуынша, инфляция бойынша алдында жариялаған өз болжамдарындағы 9-10% жыл соңына дейін сақталады.

"Алайда, бұл болжам  мұнайдың бір баррелінің орташа жылдық құны 70 доллар болса дегенге негізделген. Егер мұнай бағасы басқа деңгейде бекітілсе, біз инфляция бойынша болжамымызды қайта қарастыратын боламыз. Инфляция бойынша ағымдағы болжамымызды ескере отырып, біздің ойымызша, 2025 жылдың аяғындағы базалық мөлшерлеменің оңтайлы деңгейі 15% болып табылады. 2025 жылғы наурызда жылдық инфляцияның ақпанмен салыстырғанда одан әрі өсуі байқалды – 9,4%-дан 10,0%-ға дейін, ал айлық инфляция 1,3%-ға дейін баяулады (ақпанда 1,5%). Инфляцияның барлық негізгі компоненттері наурыз айының қорытындысы бойынша жылдық мәнде жоғары қалыптасты", - дейді ол.

Оның айтуынша, наурыз айында валюта нарығында салыстырмалы түрде тұрақтылық байқалады, әсіресе өткен жылдың соңы мен ағымдағы жылдың қаңтар айларымен салыстырғанда.

"Қазіргі теңгенің әлсіреп, 1 АҚШ долларының 520 теңге деңгейін маңайлауы мұнай бағасының төмендеуі және сыртқы нарықтардағы дүдәмалдылыққа байланысты резидент еместердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарынан кетуінен орын алуда. Біз, әзірге мұнайдың бір баррелінің орташа жылдық бағасы 70 доллар деңгейінде болады деп санаймыз, соған сәйкес, жақын болашақта теңгенің күрт әлсіреуін болжамаймыз", - дейді Санжар Қалдаров.

Бұған дейін сайтымызда "Ұлттық Банк басшысының кеңесшісі базалық мөлшерлемені төмендету неге қауіпті екенін түсіндірді" деген мақала жарияланған болатын. Сондай-ақ осы сипаттағы "Базалық мөлшерлемені сынаған Құсайынов тағы да мәлімдеме жасады" деген материалмен де таныса отырыңыздар.


Рекомендовать
Последние новости