"Жақында менің базалық мөлшерлеме жайлы мақалам жарияланды. Көп ұзамай оған құрметті Сәбит Кәкімжанов мырза (Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі) жауап қатып, менің дәлелдеріме қатысты егжей-тегжейлі фактілерді алға тартыпты. Бұл, әрине, өте жақсы нышан, өйткені экономикалық мәселелер бойынша қоғамдық пікірталас коммуникация деңгейін жақсартады және ең оңтайлы шешімдерді табуға мүмкіндік береді. Дегенмен, Сәбиттің кейбір айтқанына жауап бергім келіп отыр". Осылай деп басталатын қаржыгер-маман Ғалым Құсайынов желідегі өз жазбасында тура қазір инфляциямен күресу үшін кешенді шаралар қабылдау керектігін қадап айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Көбісі мені жоғары инфляция жағдайында базалық мөлшерлемені төмендету керек деген пікірде деп ойлап алыпты. Бұл мүлдем олай емес. Менің бар ойым Қазақстанда базалық мөлшерлеменің әсері шектеулі, сондықтан инфляциямен күресу үшін кешенді шешімдер қабылдау қажет дегенге бағытталған", - деп жазады Құсайынов Facebook-тегі парақшасында.
Сөйтіп ол өзінің осы ойын былайша дәлелдей түседі: Базалық мөлшерлеменің жұмыс істеу механизмі оны өзгерту арқылы біздің инфляцияға тікелей әсер ететін нарықтағы сұраныс пен ұсынысты реттейтін етіп жасалған. Базалық мөлшерлеменің сұраныс пен ұсынысқа әсері келесі арналар арқылы жүреді:
- Несие арнасы - ақша қымбаттаған сайын несиеге сұраныс төмендейді, яғни тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге сұраныс азаяды.
- Жинақ арнасы - базалық мөлшерлеме өскен кезде депозиттер мен облигациялар сипатында теңге түріндегі активтердің тартымдылығы артады. Нәтижесінде нарық көбірек үнемдей бастайды және тұтыныс азаяды, бұл тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге деген сұранысты төмендетеді.
- Валюта арнасы - мөлшерлеменің өсімі ақша бағамына әсер етеді, өйткені теңге түріндегі активтер тартымды болып, ол ұлттық валютаның нығаюына алып келеді. Сондықтан экономикалық агенттер жоғары ставкалар жағдайында активті шетел валютасынан теңгеге ауыстырады. Валютаның нығаюы импорт құнының және ел ішіндегі бағаның төмендеуіне әкеледі. Алайда, аталған арналардың әрқайсысының өз шектеулері бар және оларды жоймай, базалық мөлшерлеме толықққанды жұмыс істей алмайды.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда бұл арналардың тиімсіз болуының негізгі себептері мыналар:
1. Несиелік нарыққа базалық мөлшерлеменің әсері шектеулі. Мемлекет пайыздық мөлшерлемелерді белсенді түрде субсидиялайды, ал субсидиялар белгіленген көлемді емес, мөлшерлемелердегі айырмашылықты жабады. Нәтижесінде субсидия алушылар үшін қандай базалық мөлшерлеменің несие деңгейіне әсерін шектейтіні маңызды емес.
2. Банктерге арналған қорландыру құны базалық мөлшерлеменің өсіміне сай пропорционалды тұрғыда өсе бермейді. Екінші деңгейдегі банктердің барлық теңгелік активтерінің шамамен 20%-ы ағымдағы шоттарға шоғырланған, ал оларға пайыздарды есептеуге тыйым салынады. Нәтижесінде, базалық мөлшерлеме өскен кезде банктер өз кірістерін қалдықтар бойынша едәуір арттырады, ал экономикалық агенттер табыс таппайды, бұл үнемдеу функциясын бұзады. Бұл, әсіресе бюджеттік ұйымдарға қатысты. Қарапайым тілмен айтқанда, банктер салық салымына жатпайтын қаржы министрлігі орналастырған бағалы қағаздарды сатып алу үшін бюджет ұйымдарының қалдық ақшасын пайдаланады, бұл банктерге пайыз түрінде табыс әкеледі.
3. Қазақстанда тәуелсіз валюта нарығы жоқ, бұл валюта арнасының ықпалын шектейді. Заңды тұлғалар валютаны еркін сатып ала алмайды, комплаенс капиталдың қозғалысын едәуір шектейді, ал ақша айырбастау пункттері реттелетін шек жағдайында жұмыс істейді. Оның үстіне валюталық депозиттерге қатысты 1% мөлшерлеме тұрғысында шектеу бар. Осының барлығы базалық мөлшерлемедегі өзгерістің нарыққа әсерін шектейді. Нәтижесінде, Ұлттық Банк ставканы көтергенде немесе төмендетсе, бұл күтілетін нәтижені бермей жатады: теңге құны сәл ғана нығаяды, содан кейін, әдеттегі диапазонға оралып алады.
"Саясатты өзгерту қажеттілігі туралы айтқанда, Үкіметпен бірлесіп әзірленген инфляцияға қарсы кешенді бағдарлама болуы керектігін күйттеймін", - дейді ол.
Ал инфляциямен тиімді күресу үшін не істеу керек дегенге келсек, сарапшы мына бірнеше мысалға да назар салуды ұсынады:
- Экономикалық өсім мақсатынан біраз уақытқа бас тарта тұру. Иә, экономикалық өсім көрсеткіші маңызды, бірақ, өкінішке қарай, инфляциямен күресу және экономикалық өсім әртүрлі бағыттағы мақсаттар болып табылады. Ең дұрысы, жұмыспен қамту жайын қаузау, бірақ біздің жағдайда экономиканың өсімге назар аударған дұрыс. Бұл өсім болмайды дегенді білдірмейді – бұл мүмкін нәрсе, бірақ қазіргі өсім, негізінен қысқартуды қажет ететін фискалдық импульске байланысты.
- Субсидиялау саясатын қайта қарау және қысқарту. Қазіргі жағдайда субсидиялардан толығымен бас тарту қиын, бірақ оларды икемді етіп, базалық мөлшерлемемен байланыстыру қажет.
- Ағымдағы шоттарға қатысты пайыздарды есептеуге тыйым салумен байланысты теңгерімсіздіктерді жою. Бұл базалық мөлшерлеменің соңғы экономикалық агенттер үшін ақша құнына әсерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Әйтпесе, банктер бюджеттік ұйымдар мен жеке тұлғалардың қалдық ақшаларынан триллиондап пайда табуды жалғастыра беретін болады. 4. Валюта нарығын ырықтандыру. Иә, осылайша мемлекет теңге бағамының құбылмалылығымен күреседі, бірақ құбылмалылық – бұл нарықтық тәуекелдер мен белгілерге қатысты табиғи реакциясы және оны жасанды түрде басуға болмайды.
- Мемлекеттік бюджетті, квазимемлекеттік компаниялар мен қорларды қоса алғанда, бюджет саясатын кешенді түрде қайта қарау. Контрциклдік саясатты толыққанды енгізу қажет.
"Бұл тізімді ары қарай да жалғастыруға болады, бірақ оның басты мәні мынада: кешенді тәсіл мен парадигманы өзгертпестен жоғары инфляция проблемасын тек базалық мөлшерлемемен шешу мүмкін емес", - дейді Құсайынов.
Енді Сабиттің кейбір пікірлеріне қысқаша жауап:
- "Голландия ауруы" туралы. Мұндай құбылыс кезінде валюта бағамы, керісінше, басқа секторлардың дамуына кедергі келтіретін жоғары өнімді салалардан экспорттық кірістің түсуіне байланысты негізсіз күш алуда. Қазақстанда мұндай әсер мүлдем жоқ, сондықтан біздің экономикамыз "голландиялық аурудан" зардап шегуде деп айту қиындау.
- Ставканың әсер ету шегі туралы. Сәбит мөлшерлеменің әсері күтілетін инфляцияның +3-6% шегінде шектеулі екндігімен келіседі. Күтілетін инфляция 10% болған кезде базалық мөлшерлеменің жоғарғы шегі 13-16% құрайды. Бізде қазір ол - 16,5%.
- Инфляцияны 5% деңгейінде таргеттеу туралы. Мен бұл мақсатты деңгей шамадан тыс деп санаймын, өйткені бізде Баласса-Самуэльсон әсерінен кейін қалып кеткен инфляцияның маңызды факторы бар. Инфляцияның қандай деңгейі экономикалық өсімге зиян тигізбейтінін ашық есептеу қажет, егер егжей-тегжейлі есептеулер болса, онда менің пікірім өзгеруі әбден мүмкін.
- Жинақталған инфляция туралы. Менің ойымша, Ұлттық Банк бұл көрсеткішті 2010 жылғы және қазіргі бағаларды салыстыру арқылы тексере алады. Менде инфляциялық статистика мәліметтерінің дұрыстығына күмәнім бар, әсіресе ол Үкіметпен қаралған болса.
"Тұтастай алғанда, кешенді тәсіл мен макроэкономикалық саясатты өзгертусіз жоғары инфляциядан құтылу бізге өте қиын болады", деп сөзін қорытады сарапшы.