12 наурыздан бастап қауіпсіздік белдігін тақпағаны және көлік жүргізу кезінде телефон қолданғаны үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл - шамамен 21 625 теңге. Талап барлық адамға бірдей қолданылады: жүргізушілерге де, жолаушыларға да, қоғамдық көлікке де, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заңның өзі өзгермеген, тек құқықбұзушылықты тіркеу тәсілі жаңарды. Енді жол камералары бұрын полиция қызметкерлері қолмен тіркейтін жайтты автоматты түрде анықтайды.
"Заң бойынша телефон қолдану жүргізушінің назарын бөлу ретінде қарастырылады. Телефон қолыңызда болса, магнитке бекітіліп тұрса немесе құлаққа жақын ұстасаңыз - мұның бәрі телефон қолдану деп есептеледі", - деді Алматы қалалық ПД профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасының өкілі Айдын Меркімбаев.
Жаңа өзгеріс қоғамда қызу талқыланып жатыр. Заңгер Молдахан Әділетхан да осы жағдайға қатысты әлеуметтік желіде үн қатты.
"Бұл заң бұзу болмауы керек. Бұл - менің жеке мүлкім. Бір қолымда телефон ұстап, көлікті осылай басқарғым келеді. Сөйлеспеймін, сағат қарауым мүмкін. 2-3 секундқа картаны бір қарап жіберуім мүмкін. Ол деген заң бұзу болмауы керек. Қарапайым халыққа айыппұлдар келіп жатыр. Телефонды құлағыңа тақап алсаң немесе TikTok көріп келе жататын болсаң, ол кезде заң бұзу десе, мақұл. Қолыңда ұстадың немесе магнитке жабыстырып қойдың, ол заң бұзу болмауы керек. ...Адамның қолындағы телефонға емес, жолға қараңдар. Жол қандай шұрқ-тесік екеніне қараңдар. Бірінші жолды жөндеңдер, одан кейін барып телефон, басқа деп тиісесіңдер. Белдікке сөз жоқ, көлік басқарғанда тағуың керек", - деді ол.
