Ұлттық Банк басшысының кеңесшісі базалық мөлшерлемені төмендету неге қауіпті екенін түсіндірді

Кәмшат Тілеухан 18 нау. 2025 10:02 147

Ұлттық Банк төрағасының кеңесшісі Сәбит Хәкімжанов базалық мөлшерлеменің инфляцияға әсері шектеулі деген пікірге қатысты жауап берді. Орталық банктің өкілі базалық мөлшерлемені төмендету қауіпті екенін атап өтті, өйткені бұл экономикалық тәуекелдерге әкеліп соғуы мүмкін, сондай-ақ инфляцияны 5%-ға дейін төмендету ұзақ мерзімді мақсаттағы дүние екенін нақтылайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол бұл жайтты дұрыс түсіндіру маңызды екенін айта келе, оның кейбір аспектілеріне баса назар аудартады.

"Ставканың инфляцияға әсері белгілі бір шекті мәннен, яғни "тиімділік шегінен" асқан соң әлсірейді. Белгіленген шек бір аумақта қалықтап жүреді = күтілетін инфляция + басқа факторларға байланысты 3-6 пайыздық тармақ. Ұлттық Банк осы факторларды бақылап, ставканы шекті деңгейде ұстайды. Ал одан ары төмендете алмаймыз, өйтсек барлығы құлдырай жөнеледі.  Осы жағынан алғанда, базалық мөлшерлеменің инфляцияға әсері өте зор, әсіресе егер ол белгіленген шектен жоғары болса, ал одан төмендесе, әрине әсері бәсеңдейді", - дейді Хәкімжанов кейбір сарапшылардың бұл реттегі пайымына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, 9-10% деңгей деп белгілеп, мақсат қою мүмкін емес.

"Егер солай жасайтын болсақ, онда біз ешқашан баға тұрақтылығына қол жеткізе алмаймыз, өйткені 9%-дан кейін мотивация жоғалады. Мақсат ынталандырып отыруы тиіс және оған орта мерзімде қол жеткізілуі керек. 5% мақсат ынталандыруға қабілетті және оған қол жеткізуге болады, бірақ тек ақша-кредит емес, фискалдық тәртіпті де тұрақты қатайтқан жағдайда ол мүмкін", – деп атап өтті Ұлттық Банк басшысының кеңесшісі.

Сондай-ақ Хәкімжанов мемлекеттік қаржыны нығайту үшін тарифтерді реформалау және қосымша құн салығы мөлшерлемесін көтеру қажеттілігін қолдайды, бірақ бұл арада баса мән беретін ең бастысы - салықтық әкімшілендірудің жекелеген детальдары екенін айтады.

"Тарифтерді реформалаусыз экономика дами алмайды. Ұлттық Банк бұл реформаны әрдайым қолдап отырды. Оның инфляцияға қарсы мандатқа ешқандай қайшылығы жоқ. Дұрыс салыстырмалы бағалар мен дұрыс баға құру әдістері бағаны төмендету мәселесінен әлдеқайда маңызды", - дейді ол.

Сондай-ақ Ұлттық Банк өкілі монетарлық саясатты жұмсарту бойынша қолға алынған осындай шаралар инфляцияның 30-80%-ға дейін өсуіне алып келген Түркиядағы жағдайды мысалға келтірді. Хакімжановтың пікірінше, ағымдағы экономикалық жағдайлар мен құрылымдық шектеулерді ескерместен мөлшерлемені төмендету елеулі теріс салдарға әкеліп соғуы мүмкін. Түркияда тура сондай жағдай болды. Оларда "жоғары мөлшерлемелер инфляцияны тудырады және өсімді тежейді" деген саяси идея белсенді талқыланып, ақыры орталық банкке оны танды. Содан соң, нақтысында, инфляция күрт өсіп шыға келді.  

"Ұзақмерзімді өсімді жеделдету және құрылымдық мәселелерді ақша-несие саясатының құралдары арқылы шешу әрекеттері, былай қарағанда өте тартымды секілді көрінеді. Бірақ олай істесек, бұл адамдар тағдырын бұзып, капитал мен уақыттың орасан зор шығындарына алып келеді", - деп есептейді Хәкімжанов.

Айта кетсек, 7 наурызда базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық деңгейін 16,5%  деп белгілеу туралы шешім жарияланды. Қаржы нарығының сарапшылары бұл шешіммен келісті. Қаржыгерлер қауымдастығының сауалнамасына сәйкес, сарапшылардың үштен бірі базалық мөлшерлеменің өсуін болжаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар