Жетісуда балық шаруашылығын дамытатын ихтиолог мамандар дайындау қолға алынды

Dalanews 03 июн. 2021 17:26 1233

Алматы облысында ихтиолог мамандар дайындау жұмысы басталды. Өткен жылдың маусым айында Есік форель шаруашылығы базасында «Балық шаруашылығы мектебі» ашылған болатын. Қазіргі кезде оқу орталығынан 70 адам оқып шықты, соның 10-ы балық шаруашылығында өз жеке ісін ашты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мектептің негізін салушы, Есік форель шаруашылығының, «MG» ШҚ және «King Fish» компаниясының басшысы, ихтиолог Марлен Тұрсынәлі елімізде балық өсіру саласында кәсіби білікті мамандандардың жетіспеушілігі өзекті мәселе екенін айтады. Сондықтан да ол жыл бұрын «Балық шаруашылығы мектебін» ашқан.

Оқу курсының ұзақтығы небары 10 күн. Бірақ тыңдаушылар осы он күн ішінде балық өсірудің қыр-сырына қанығып, жобалау және гидротехника туралы білім алып, сол сияқты ихтиопотология деген не, онымен қалай күресу керектігімен танысып үлгереді. Курсты сәтті аяқтаған соң тыңдаушылар оқуды бітіргені туралы тиісті сертификат алады. Мектеп бүгінге дейін өзінің табысты жұмысын көрсетіп, 70 адамды оқытып шығарды, соның 10-ы бүгінде балық өсіретін жеке ісін ашқан.

– Біздің басты мақсатымыз – балық шаруашылығында мамандарды, сарапшыларды неғұрлым көп дайындау, еліміздегі балық шаруашылықтарының санын арттыру. Біз теориялық және практикалық сабақтарымызда балықтарға жем беру, оларды өсіру, емдеу, көбейтудің ерекшеліктері туралы айтамыз, – деді Марлен Тұрсынәлі.

Кәсіпкерлер палатасының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының директоры Бақытгүл Дүйсебекованың айтуынша, «Балық шаруашылығы мектебіне» қажетті көмек филиал тарапынан көрсетіліп отыр:

– Біз бұл орталықпен тығыз байланыстамыз, мұнда оқығысы келетіндерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қатысушыларға бизнес бастау, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндіреміз, сол сияқты олардың жобаларын одан әрі қолдауға әзірміз, – деді ол.

Еңбекшіқазақ аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда «King Fish» компаниясы 2015 жылдан бері бекіре, құбылмалы ханбалық, сазан, кларилі жайын, тиляпия өсірумен айналысады, балық өсірудің толық циклын қамтамасыз етеді. Компания жоғары сапалы балық жем-азығын өндіретін әлемдік лидер - «Aller Aqua» неміс компаниясының Қазақстандағы жалғыз дистрибьюторы. «King Fish» компаниясы 58 отандық шаруашылық пен ірі еуропалық компаниялармен әріптестік қатынас орнатқан.

«MG» шаруа қожалығы құбылмалы ханбалық пен бекіре балықтың құртшабағын көбейтуге маманданған. Өнімнің жылдық көлемі – 50 тонна форель және 10 млн. шабақ, шаруа қожалығы 2016 жылы құрылған.

Есік форель шаруашылығы 2017 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда жылына 300 тонна форель мен 2500 кг дейін қызыл уылдырық өндіріледі. Қазіргі кезде форель шаруашылығы балықтың шамамен 10 түрін өсірумен айналысады.

Аталған 3 компанияның құрылтайшысы Марлен Тұрсынәлі «Қазақстандағы балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Рекомендовать
Последние новости