Баталов Алматы облысының жылына 2 млн тонна қант қызылшасын өндіретін мүмкіндігі бар екенін айтты

Dalanews 14 июн. 2021 17:17 1293

Үкіметтің бастамасымен Алматы облысында қант қызылшасы өндірісін 2 млн тоннаға дейін жеткізу жоспары межеленіп отыр. Бұл міндетті орындауға өңірдің әлеуеті жетеді. Ол үшін айналымға қосымша тағы 36,8 мың гектар суармалы жер тартылады. Бұл туралы бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен үкіметтің селекторлық жиынында облыс әкімі Амандық Баталов айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысы басшысының айтуынша, аймақта қазіргі кезде қант қызылшасының алқабы 16,3 мың гектарды құрайды. Өткен жылы Ақсу және Көксу қант зауыттарында барлығы 550 мың тонна қант қызылшасы өңделген. – Енді осы көрсеткішті 2 млн тоннаға жеткізу межесі қойылып отыр. Оны біз қуана қолдаймыз және оған қажетті барлық мүмкіндіктерді жасаймыз. Ақсу қант зауытының өндірістік қуаты 550 мың тонна болса, Көксу зауыты 250 мың тонна шикізат өңдей алады. Алдағы уақытта Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарының әрқайсысы 500 мың тонналық қуаттылыққа ие бола алады деп есептейміз, – деді А. Баталов.

Атап өтсек, облысқа үкіметтік жұмыс тобы келіп, өңірдің 2 млн тонна қант қызылшасын өсіріп-өңдеуге қажетті жер, су, материалдық база және басқа да ресурстарының мүмкіндіктерін зерделеуде. Өз сөзінде облыс әкімі аталған жұмыс тобымен кездесіп, жергілікті жерлерде олардың жан-жақты аудит жүргізуіне жағдай жасау тапсырылғанын да жеткізді.

– Қызылағаш плотинасы Үкіметтің қолдауымен қалпына келтіріліп, қазірдің өзінде 30 млн. текше метр су жиналды. Осы су қоймасының нәтижесінде 7 мың гектар суармалы жер іске қосылады. Тіпті ауқымы одан әрі де кеңеюі мүмкін. Жалпы бізде 2 су қоймасын – Покатилов – 80 млн м3, Бүйен – 5 млн. м3 және 4 алапта – Қызылағаш – 7 мың га, Басқан – 19,8 мың га, Бүйен – 5 мың га, Жанама – 5 мың га болатын суару желілерін салу іс-шаралары белгіленген. Бүгінгі күні 8,9 млрд теңге сомасына Қызылағаш суару массивін салу бойынша жоба дайын, 5 жоба бойынша ТЭН және ЖСҚ әзірлеу жергілікті бюджет қаражаты есебінен басталатын болады. Соның ішінде бір ғана Покатилов су қоймасының іске қосылуы 24 мың гектар жерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Жергілікті шаруашылықтар бұл бастаманы қуана қабылдап жатыр. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына үлкен септігін тигізеді. Біз биылғы жылдың екінші жартысында сервистік-дайындау орталықтарын құрып, қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етуге қосымша қаржы бөлеміз», - деді өз сөзінде А. Баталов.

Мұнан соң Жамбыл облысы және бірқатар министрлік басшылары сөз алып, өздеріне тиесілі бағытта атқарылатын мәселелерге тоқталып өтті.

Жиында соңында Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр бірді-екілі зауытты іске қосумен мәселе шешілмейтінін, сондықтан бұл іске  кешенді түрде кірісу керектігін айтты. Және бұл іргелі бастамаға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Импорт алмасуды қамтамасыз етуде алдымызға үлкен міндеттер қойылып отыр. Соның бірі - қант қызылшасы өндірісін өркендету. Өңірлерден қажетті есептеулерді, тиісті құжаттарды дер кезінде дайындауды сұраймыз. Олардың уақытылы дайындалуына қарай қажетті қаржылай қолдау көрсетілетін болады. Жобаның іске асырылуы жөнінде Жол картасы дайындалады. Бұл құжатта оның барлық сатылары кезең-кезеңімен қамтылуы тиіс. Бұл – көптеген саланы қамтитын ірі бастама. Сондықтан Жол картасы құжаты да ауқымды болады, – деді Р.Скляр.

Селекторлық жиын аяқталғаннан кейін облыс әкімі Амандық Баталов 4 қант зауытын жаңғырту және техникалық аудит мәселесі бойынша өңірге арнайы келген ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, үкіметтік жұмыс тобының мүшесі Гүлбану Пазылхаировамен бірге өңірдегі қант қызылшасы өнімін арттыру мәселесін талқылауды одан әрі жалғастырды. Үкіметтік селекторлық жиында жергілікті жерлерде қант зауыттарының 200 км радиуста орналасқан жер учаскелерінің мақсатты пайдаланылуына түгендеу жүргізілуі тиіс екені айтылған болатын. Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталов Г. Пазылхаироваға өңірде жер учаскелері туралы барлық мәліметтер топтастырылған Электронды жер картасы жұмыс істейтінін, бұл істе осы карта үлкен көмек болатынын айтып, аталған картаны таныстырып өтті. Және жұмыс тобына жергілікті жерлерде қажетті аудит жүргізуге барлық жағдай жасауды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына, «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ басшылығына, селекторлық режимде жиынға қосылған аудан әкімдеріне жіті тапсырды.

Сол сияқты басқосуда «Жетісу» ӘКК осы ауқымды жұмысты іске асыру бағыттары туралы презентация көрсетті. Презентациямен танысқан облыс басшысы оған бірқатар түзетулер мен өзгерістер енгізу керектігін ескертті. Мәселен, Қаратал ауданын да алдағы уақытта қант қызылшасын өсіруге бірте-бірте тартуға болады. Амандық Баталов мәселені әлі де зерттей түсу қажеттігін айтты.

Сол сияқты жиында жаңбырлатып суару жүйесін енгізу мәселесі де сөз болды. Оны енгізуге дайын инвесторлар да бар. Облыс басшысы бұл жаңа технологияны Қапшағайдан бастауға болатынын айтты. Суды үнемді пайдалану керектігін, сондықтан жаңбырлатып суару сияқты жаңа технологияны енгізу өңір үшін тиімді екенін алға тартты. Ол, біріншіден, ресурс үнемдеуге көмектессе, екіншіден, өнім сапасын арттыруға да ықпал етеді.


Жиын қорытындысында облыс әкімі:

– Біз қант қызылшасын 2 млн. тоннаға жеткізуді іске асырудың облыстық Жол картасын әзірлеуіміз керек. Онда атқарылатын әрбір шара - жер түгендеу, жаңбырлатып суару технологиясын енгізу, суару желілерін жаңғырту, басқа да барлық жұмыс егжей-тегжейлі қамтылуы тиіс. Талдықорған өңірі – ежелден қант қызылшасын өсіруге маманданған аймақ. Мұнда қызылша өсіру әулеттен әулетке жалғасып келе жатқан атакәсіп. Сондықтан біздің облыста 2 млн. тонналық межеге жетуде қиындық тумайды деп ойлаймын, – деді А. Баталов.

Жалпы елімізде қант қызылшасы өндірісін 3,5 млн. тоннаға жеткізу жоспары бар. Соның 1,5 млн. тоннасы Жамбыл облысына тиесілі болса, 2 млн. тоннасы Алматы облысының үлесінде.

Рекомендовать
Последние новости