Жетісай мен Мақтаарал аудандары логистикалық орталықты бірлесіп пайдалануда

Dalanews 12 дек. 2018 12:59 808

Бірнеше жылдан бері елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде әр аудан-қалаларда индустриялық аймақтар құрылып жатыр. Олардың біразы бүгіндері өнімдерін ұсына бастағаны белгілі. Осы ретте Жетісай ауданы әкімі Жамантай Бейсенбаев индустрияландыру бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын Dalanews.kz сайтына әңгімелеп берді.

– Біз индустриялық аймағымызда 4 жобаны бастаған болатынбыз. 12 жобаға жеткіземіз деген мақсат болған. Алайда, ол жобалардың барлығы аудан бөлінгеннен кейін Мақтаарал ауданының үлесіне берілді. Одан кейін, аудан бөлінбей тұрып Мақтааралға кіре берісте 12 гектар жерге индустриялық аймақ ашқанбыз.

Бұрын бізде қауын-қарбызды, көкөністі өткізу деген үлкен проблема болатын. Сарыағашқа апарып, сол жерде сақтап, сататынбыз. Индустриялық аймақты ашқан соң бірінші кезекте диқандар өнімін алысқа апарып сатпай-ақ, осы жерде сақтап, сатсын деп логистикалық орталық құрдық. Өзбекстаннан, Ресейден, өзіміздің кәсіпкерлерді де шақырып, ұйымдастырып, сол жерде диқандар өнімдерін сата бастады. Ол жерге сыйымдылығы 3,5 мың тонналық екі қойма, қонақүй салынатын болады. Оның жобасы да, қаржысы да шешілген. Бұл логистикалық орталық Мақтаарал ауданының территорияысында болғанымен, екі ауданның диқандары ортақ пайдалана береді. Аудан бөлінгенімен, біздің көп нәрсеміз ортақ. Кешегі өткен «Қауын-fest-те» де «сен бөлініп кеттің» деп, бір-біріміздің көкірегімізден итеріп тастаған жоқпыз, оны да бірлесіп өткіздік.

Дегенмен, әлгінде айтып кеткенімдей, қауын-қарбызды қалдықсыз өңдеп, өнім шығаратын цехтар, зауыттар ашу үшін индустриялық аймақ құрсақ деген ойдамыз. Біздің де бюджетке салық түсімі керек. Аудан халқын жұмыспен қамту керек дегендей. Былайша айтқанда, логистикалық орталық ортақ болады, ал индустриялық аймақты қосымша ашамыз. Қазір осы жоба бойынша жер қарастырылып жатыр. Бізде бос жер табу проблема. Бір шаршы метрдің де иесі бар, – дейді аудан әкімі Жамантай Қанайұлы.

 

Dalanews.kz

Рекомендовать
Последние новости